Дубайда тұратын этникалық қазақтар туралы деректі фильм жарияланды. Кейіпкер ретінде Дубайда тұрып, кәсіппен айналысатын бірнеше отбасымен, араб жігітіне тұрмысқа шыққан қазақстандық ару таңдалып алынған. Біріккен Араб әмірліктеріне Қытайдан көшіп барған Жарқын мен Мунира қазақ тілін ұмытпай, үй ішінде қазақша сөйлесуге тырысады екен. Тіпті, балаларының бөлмесіне Қазақстанның туын іліп қойған.
«Қолымыздан келгенше балаларымызды кішкентайынан бастап қазақи дәстүрмен өсіруге тырысып келеміз. Өзіміз шетелде болсақ та, атамекеніміз Қазақстанды ұмытпаймыз», – дейді Жарқын.
Қазақ отбасы Дубайдағы денсаулық сақтау, білім, күнделікті шығындарына ай сайын қанша қаражат кететінін айтып өтті.
«Кенже баламды босанған кезде 20 мың доллар, одан алдынғы баламды босанған да 18 мың доллар төледім. Ал өмір сүру үшін күнделікті шығындарды есептесек отбасымызға шамамен 25 мың дирхам, 3 млн теңгедей ақша кетеді. Ал бір баланың оқуына жылына 10 мың доллар кетеді, 9 айлық оқу үшін», – дейді Мунира.
Қытайда туған этникалық қазақ Жарқын Дубайға алғаш келгенде 350 долларға жұмыс істегенін айтады. Кейін тіл үйреніп, тәжірибе жинаған соң жалақысы 8 мың долларға дейін көтерілген. Қазір Жарқынның Дубайда екі мейрамханасы бар, қол астында 35 адам жұмыс істейді екен. Ал видеоның келесі кейіпкері Салтанат есімді қазақстандық ару араб жігітіне тұрмысқа шыққан.
«Барлығы керемет. Барлығымыз мұсылман болғандықтан, бізден қатты айырмашылығы жоқ. Салт-дәстүрімізде де ұқсастықтар бар. Барлығы арабқа тұрмысқа шықса, орану керек деп ойлайды, расында олай емес, сенің қалауыңа қарай. Күйеуім отбасымен Қазақстанға келіп, ата-анама барып, құда түсті, сосын той күнін белгіледік», – дейді Салтанат.