Нұр-Сұлтан
Қазір
6
Ертең
13
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Қазақ мектебі” деген болмауы керек”. Танымал ғалымның тұжырымы таңғалдырды (фото)

123

Құлдық санадан арылғымыз келсе?..

Латын әліпбиіне өту мәселесі баяғыда-ақ пісіп-жетілген. Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап күн тәртібінде тұрған мәселе. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «тәуекел» деп латынға ауысып алғанда тіптен жақсы болар ма еді?

Бірақ, шындықты айту керек, ол кезде еліміздің жағдайы мүлдем басқаша болды. Былайша айтқанда, ешқандай мүмкіндігіміз болған жоқ. Ол кезде қазақ ұлтының үлес салмағы аз еді. Тәуелсіз еліміз енді-енді ғана тәй-тәй басып, экономикамыз еңсесін көтере алмай жатты. Қаржы жоқ. Екі бүйірімізді қысып, екі алпауыт ел жатыр. Осы жағдайлар латынға бірден өтіп кетуге мүмкіндік бермеді.

Президентіміз, ең алдымен, экономика деген саясат ұстанды. Алдымен аяққа тұрып алайық деді.

Енді, міне, саяси тұрғыдан алғанда, қазір латын әліпбиіне өтуге ең ыңғайлы кезең. Экономикамыз тұрақты, демографиялық жағдайымыз жақсарып келеді. Сондықтан қазір үлкен мүмкіншілік туып отыр. Яғни, бұл бастама бойынша дер кезінде шешім қабылдап, іске асыру қажет.

Латын әліпбиіне өтуді көп адам тек тілдік мәселе деп ойлайды. Тек жазу, әріп ауыстыру деген сияқты. Мүлдем олай емес. Бұл – өркениеттік таңдау. Бұл – бағытты өзгерту. Құлдық санадан арылу. Өз басым латын әліпбиіне көшу мәселесі Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында көтерілгенін жақсы ырымға баладым. Аруақтар қолдап жатыр. Рас, еліміздегі ұлттық мәселелер бәрімізді алаңдатып отыр. Президенттің соңғы мақаласы еліміздегі ұлттық саясатты 180 градусқа бұрып жіберді.

Бұрын көпұлттылық мәселесі көбірек айтылатын. Қазір ұлттың мәселесі көп айтылып жүр.

Қазақстан сияқты кез келген ел көпұлтты. Германия, Франция, Англия – оларда да көптеген ұлттар тұрады. Бірақ барлық елде мемлекет құраушы ұлт болады. Менің ойымша, латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ тілі, шын мәнінде, мемлекеттік тілге айналуға бастама алады. Біз көне ел, көне мемлекетпіз. Латын әліпбиіне көшу – тілдік мәселелердің бәрін өз қолымызға алу деген сөз.

Әріп санын ретке келтіру керек

Негізі, тілімізде 28 дыбыс бар. Бірақ

қазіргі әліпбиімізге тілімізде жоқ әріптерді кіргізгенбіз. «Ё», «я», «ю», «ц» деген сияқты әріптерді… Сондықтан әріп санын ретке келтіру керек.

Бәлкім, «ф», «ч» деген сияқты кейбір әріптер қалуы мүмкін. Бұл әріптер араб-парсы және басқа тілдерде бар ғой. Ал тілімізде араб-парсыдан енген сөздер көп. Дегенмен мәселе әріпте де емес. Қазір жазу ережелеріміз қазақша емес. Яғни, ережелеріміз қазақша-орысша.

Біз «съезд» «университет», «факультет» деген сөздерді қалай жазамыз? Әрине, орысша жазамыз. Яғни, ережелеріміз орысша-қазақша аралас. Содан барып тіліміз де аралас болды. Сондықтан, ең алдымен, емлемізді жөндеуіміз керек. Сөздерді қазақша жазып, қазақша айту қажет.

Мысалы, «шіркеу» қазақтың сөзі сияқты. Бірақ кезінде біздің қазақтар «церковь» деген сөзді «шіркеу» деп қабылдаған. «Бөкебай» дейміз. Қандай әдемі сөз. Бұл «пуховой» деген сөздің қазақша баламасы екенін екінің бірі біле бермейді.

Бөтен сөздерді өзімізге енгізгенде өзіміздің тілдік ережелерге сыйғызып жібереміз. Бөтен сөздер өз сөзіміз сияқты боп қалады.

Тіпті,

қазақ тілінің қоры өте бай екенінің бір дәлелі болар, шетелдің бір сөзінен бірнеше сөз жасап аламыз.

Мысалы, «әбдәсте» деген сөз парсы тілінен «сулық орамал» деп аударылады. Содан «дәс» (беторамал), «дес» (теңдік, қол ұшын беру), «әбдест» (дәрет), «әбдесте» (орамал) деген сөздер туындаған. Сондай-ақ арабтың «тағам» сөзінен біздің тілде екі сөз пайда болды: «дәм» және «тағам». Ал бұл екеуі араб тілінде бір-ақ сөз. Бір сөзді екі фонетикалық вариантқа бөліп, екі бөлек сөз жасап алған. Және бұлар тіліміздің заңдылықтарына байланысты тілімізге сіңген. Сол сияқты «бөрене» сөзінің түп-тамыры «бревно».

Мұқаң бұған қарсы келмес

“Осыдан бірнеше жыл бұрын Мұхтар Шаханов бастаған бір топ зиялы қауым президентке хат жазып, латын әліпбиіне өтудің қажеті жоқ екенін ашық айтқан болатын. Енді сол зиялы қауымның біразы бұл реформаны қос қолын көтеріп қолдауда…” деген журналистің сауалына Қажыбек былай деп жауап берген екен.

Ең алдымен, Мұхаңа, Мұхтар ағамызға келейік. Мұхтар Шаханов өте таза адам. Кез келген мәселеге елдік тұрғыдан, халықтың көзқарасымен қарайды. Ел үшін жүрегі ауырады. Ол кісінің уәждерін жақсы түсінемін. Құдай қаласа, алдағы уақытта үш-төрт жігіт Мұхаңа барып, асықпай әңгімелесіп, ақылдасып қайтамыз деген жоспарымыз бар. Дәлелдерімізді айтып,

Мұхаңның бетін бері қаратуға әбден болады. Өйткені Мұхаң бұл әліпби халыққа, шын мәнінде, қажет дүние екенін түсінсе, біздің бастамамызды толық қолдайды деп ойлаймын.

Және солай болатынына сенімдімін. Негізі, кез келген мәселеде пікір алуандығы керек.

Өйткені орыс тілі – көрші мемлекеттің мемлекеттік тілі

Қытай, ағылшын, орыс тілдері біз үшін шет тілдер. Латын әліпбиі қазақ тілін оқитын, үйренетін, осы тілде сабаққа қатысатындарға қатысты. Білім және ғылым министрлігінің жоспарына сәйкес, орыс мектептерінде де кейбір пәндер қазақша жүргізіледі. Бұл қазақша үйренудің сапасын жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Әрине, олар бұл пәндерді латынша оқитын болады. Орыс тілі – көрші мемлекеттің мемлекеттік тілі.

Әрине, біздің елде орысша сөйлейтіндер көп. Менің ойымша,

біздің елде орыс-қазақша мектеп дегенді доғаруымыз керек.

Биылғы жылдан бастап министрлік «қазақ мектеп» деген атауды алып тастап отыр. Қазақстанда «қазақ мектебі» деп жазудың өзі ұят қой. Ресейде орыс мектебі жоқ. Англияда ағылшын, Қытайда қытай мектебі деп жазылмайды.

Қазақстандағы мектептердің барлығы қазақ мектебі болуы керек.

Орыс мектеп деген де болмауы керек. Бәлкім, орыс тілін тереңдетіп оқытатын, қытай тілін тереңдетіп, екінші тіл ретінде оқытатын мектептер болуы мүмкін.

Жасыратыны жоқ,

біз қазақ тіліне тек қазақ халқының тілі деп қарап келдік қой.

Бұл КСРО-дан қалған ұғым. Қазіргі кезде қазақ тілі тек қазақ халқының ғана тілі емес, бұл осы мемлекеттің тілі. Қазақтың мәдениеті тек қазақ халқының ғана мәдениеті емес, ол да осы мемлекеттің мәдениеті.

Өйткені біз мемлекет құраушы ұлтпыз.

Неге біз ағылшыншаны тықпалап жатырмыз? Мемлекеттік деңгейде білек сыбанып кірісіп жатырмыз. Өйткені біз орыс тілінде алып отырған ақпараттың 90 пайызы ағылшын тілінің аудармасы. Ал неге біз тікелей нұсқадан алмаймыз? Орыс тілінің бізге әсерін азайту үшін ағылшыншаны кіргізіп отырмыз. Біз бұдан ұтылмаймыз.

Орыс тілі кириллше бола береді

Қазір орыс тілін өзгерте бастасақ, дау-дамай болуы мүмкін.

Бұл – қазақ тілінің реформасы. Бұл мәселеге терең ойланып қарау қажет. Мұндағы мақсат – орысша оқитындардың санын азайту. Әрине, орыс тілін білгеннен біз ұтылмаймыз. Бірақ өз тілімізді білмей, басқа тілде сайрай берген де дұрыс емес.

– Өзіңіз ойлаңызшы, сонда қазақ мектептері бір әліпбиде, орыс мектептері басқа әліпбиде, білім саласы ойран-ботқа боп кетпей ме?
–Қайталап айтайын, біз қазақ тілін латынға көшіріп отырмыз. Бұл – мемлекеттік тілге жасалып отырған реформа. Қазақша оқитын мектептер латыншаға көшеді. Орыс сыныптары қазақша өтетін пәндерді латынша оқиды. Ал орыс тілін немесе сол тілдегі басқа да пәндерді кириллицамен оқи береді. Олай етпеуге біздің құқымыз да жоқ. Меніңше, бұдан қазақ тіліне деген ұмтылыс күшейеді. Дүниежүзінде біздің әліпбиімізден сорақы әліпби жоқ. Оны мойындауымыз керек.

Жазу-сызуда, орфографиялық ережелерді бұзуда қазақтан өткен сауатсыз халық жоқ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз