Қазақ қоғамында жиі талқыға түсетін бір тақырып бар. Ол – қазақ қызының жүріс-тұрысы.
Қоғам алдындағы бейнесі. Рас, қазір шылым шегетін, араққа сылқия тойып алып, көшеде құлап жататын қыздарға таң қалудан қалдық. Тіпті, тойларда борбайлары жарқырап, бөкселері жалтырап, ортада билеп жүрген қыздардың өзіне көз үйреніп бара жатқандай.
Ал киноға түсіп, экран алдында жалаңаштанып, жыныстық қатынасқа түсіп жатқан әртіс қыздарымыздың тірлігі, тіпті, сорақы. Бұған жол беруге болмайды. Өйткені кино – тәрбие құралы. Жасы да, жасамысы да соған қарап бой түзейді. Өзге жұрт «қазақ қызы сондай екен» деген ой қалыптастырады.
Қазақта «Келіннен» бастап «Тоқалға» дейін қазақ қыздары экран алдында «шешінетін» біраз фильм түсірілді. Қоғамда дау болды. Пікірлер қақ жарылды. Бірі «мұндай ұятсыздыққа жол бермеу керек» десе, екіншілері – «бұл өнер, оған түсіністікпен қарау керек», десті. Кино – өнер саласының бір тармағы. Дұрыс.
Бірақ «қызға қырық үйден тию» дейтін қазақи ортада қазақ қызының «өнер осы екен» деп, экран алдында тыр жалаңаш шешініп, еркектің құшағында ыңырсып, анайы тірлікке барып, жатуын өнер дей қою қиын. Иә, қазақ қызының ар-ұяты жайында дау-дамай әзірге тоқтай қоймасы анық. Тіпті, қазақ қызы заманауи қыз болам деп, шешінген сайын өрши түсуі заңдылық десе де болады.
https://kaz.365info.kz/myna-yz-mas-k-jinde-k-shede-zhala-ash-zhatty-224462
Кезінде «Келін» фильміне түсіп, басы дауға қалған Гүлшарат Жұбаева «өнер үшін шешіндім», деп ақталғаны бар. Бір сұхбатында ол былай деген:
«Көпшілік кинотуындының астарында тығылып жатқан шындыққа мән бергісі келмейді, тек бергі жағымен ғана шектеліп қалып, сол арқылы пікір қалыптастырғысы келеді. Айтарлары «Қазақ қызы шешінді. Жалаңаштанды. Арымызға, ұятымызға сын болды. Бізде ондай болмаған, бәрі өзгеше еді», деген біржақты оймен шектеліп қалады.
Бірақ мұндай пікірлер өтпелі кезеңнің көзқарасы деп ойлаймын. Туындының астарында жалаңаштану, нәпсі құмарын қандыру жатқан жоқ. Ұрпақ жалғасы, әйел тағдыры, ұлттың тіршілігі, жер бетінде өз орнын сақтап қалу мақсатындағы жанкешті әрекеті бар. «Келін» шай ішіп отырып немесе уақыт өткізу үшін көре салатын туынды емес, ол тұнып тұрған философия.
Бірақ фильмді көре отырып, әркім өзінше қабылдады, өзінше қортынды шығарды. Бұл әркімнің өз еркі. Меніңше, бұл адамның рухани байлығын молайтатын, ойлау тереңдігін күшейтетін күрделі туынды.
Сценариймен танысқан соң, көп ойландым. Ата-анаммен ақылдастым. Осы салада жүрген таныстарым да «сен болмасаң, бәрібір басқа біреу түседі. Өнер үшін мұндай құрбандыққа баруға болады», дегендей әңгімелер айтты. Тіпті, түсірілім жүріп жатқан кездің өзінде бірнеше рет, «түспеймін» деп жылап, бас тартқан кезім болды.
Фильм экранға шыққан соң, үлкен шу болатынын да сездім. Бірақ өнер үшін бәріне көнуге тура келді. Бір өкініштісі, «өнер үшін құрбан болуға болады», деп, ақыл айтқандардың көбі жұрт шулап, мені жерден алып-жерге салып жатқанда, «қойыңдар, бұл өнер ғой», деп, ара түсуге жарамады. Біреулер ойлар, осы кино үшін «ақшаны қырып алған шығар» деп. Қолыма тигені 5-6 мың доллар. Оның өзін тау ішінде киноға түсемін деп жүріп ауырып қалған соң, Қытайға барып емделуге жұмсадым. Жалпы, өнерді ақшамен өлшемеймін».
Бұл – арлы қыздың бар шындықты ақтарып салғаны. Ақша үшін емес, өнер үшін бәріне көнгендігі. Жөн. Қолдауға болады.
Бірақ сахна төрінде жүрген қыздарымыздың бәрі (әртісі бар, әншісі бар) “өнер үшін шешініп жүрміз”, деп айта ала ма? Әлде,
жалаңаш мүсіндерін бай-бағландардың алдында көрсетіп, ақша табу үшін өзін жарнамалап жүргендер ме?
Түсінбеймін.
https://kaz.365info.kz/men-de-misspin-facebook-ti-ta-y-bir-zh-ldyzy-zhala-ashtandy-247956
Нұржан Қайыпқали
Мақала VK-дағы «Атамның басы-ай» тобында қызу талқылануда