Миллион теңгеден аса берешегі бар жүргізуші өзін көлігімен қоса өртеп жібермек болды. 33 жастағы жігітті алматылық полицейлер құтқарып қалған. Жол сақшылары Subaru-дың иесін тоқтатқанда, жүргізушінің 1 миллион 300 мың теңге айыппұлын төлемей жүргені анықталады.
Сондай-ақ міндетті сақтандыру полисі де болмапты. Заң талаптарына сәйкес, автокөлік айып тұрағына жеткізілген. Көп ұзамай жүргізушінің өзі де сонда келіп, көлігінің ішіне отырады. Кейін өзінің үстіне және машинаға бензин құйып от тұтатқан.
«Азамат аман қалды. Бірақ күйікке шалдыққан дене жарақаты бар. Түрксіб ауданы полиция басқармасының қызметкерлері істің мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу басталды. Заң алдында барлығы бірдей жауапты. Айыппұлды дер кезінде төлеуі керек», – дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.