Нұр-Сұлтан
Қазір
13
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Қарағандыда жаңа үйлердің сапасына қатысты тағы да дау шықты (видео)

166

Ал құрылысты жүргізген мердігер компания болса, әлдеқашан банкрот болған. Енді сапасыз құрылысқа жауап беретін жан жоқ. Ең сорақысы, бұл жаңа үйлерге қатысты алғашқы дау емес. Мұндай жағдай жыл сайын тіркеледі. Құрылысшылар қауымдастығының басшысы Төлеген Әшімов оны жоюдың жалғыз жолы – құрылыстың сапасын қадағалайтын ғылыми институт құру керек екенін айтты.

Приканальная көшесіндегі 10 қабатты үй осыдан 7 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен салынған. Содан бері тұрғындар сапасыз үйдің зардабын тартып келеді. 2014 жылы үй қаптамасы 4 жасар баланың басына құлап, миы шайқалса, бұл жолы аулада тұрған автокөліктерді басып қалды. Енді Ұлан Жұмабековке су жаңа көлігін жөндеу үшін шамемен 300 мың теңге қажет.

Ұлан Жұмабеков, қала тұрғыны:

– Бұл көлікті несиеге алғанмын. Әлі қарызымды өтеп біткен жоқпын. Енді бұл шығынды кімнен сұрарымды да білмеймін. Егер көліктің орнында адам болғанда не болар еді. Мынау сұмдық жағдай.

Ал мынау «Астана» деп аталатын элиталы аудан. Бірақ құрылыс сапасы сын көтермейді. Қатты дауыл мұндағы үйлердің де қаптамасын ұшырып, екі бірдей көліктің әйнегін қиратқан. Тұрғындар балаларының үстіне құлай ма деп, үрей құшағында.

Салтанат Түсіпова, қала тұрғыны:

– Осы мәселені көтергенімізге 7 жыл болды. Сәл дауыл тұрса, қабырғасы құлай бастайды. Біз әкімшілікке де, прокуратураға да хат жаздық. Себебі бұл алғашқы жағдай емес. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Ал шенеуніктер «бұған біз жауапты емеспіз» дейді.

Құлаған қабырғаны тұрғындар өз есебінен жөндеу керек деп отыр. Себебі көпқабатты үйді көтерген мердігер компания банкротқа кеткен. Ал үйдің кепілдік мерзімі үш жыл екен.

Салжан Балаубаев, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің жетекшісі:

– Тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, жұрт өздері тұрып жатқан үйді күтіп ұстауға, жөндеп отыруға міндетті. Бұл жерде кінәні өзгеден іздеп қажеті жоқ.

Өкінішке орай, елімізде үй құрылысының, оған қолданылатын материалдардың сапасын қадағалайтын бірде-бір орган жоқ. Қазір баспана бағасын арзандату үшін құрылыс индустриясына жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.

«Бірақ ол қандай технология, біздің жақтың климатына жарай ма, ол жағы ескерілмеген. Инженерлік ізденістер ғылыми тұрғыда зерттелмейді, құрылыс материалдарының сапасы да ғылыми сараптамадан өтпейді», – дейді Қарағандыдағы құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Төлеген Әшімов.

Төлеген Әшімов, Құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:

– Жаңа технологияны кіргізген кезде, оны ойластырып, институттар арқылы зерттеп кіргізу керек. Бұрын болатын, гражданский проект деген институт. Қарап отыратын бәрін, зерттеп отыратын. Сол институтта құжаттардың барлығы бір жерде жиналатын. Сол жерде отырып ойланатын, біз былай істеп едік, ол қателік болды, енді мына жолмен істейік деп. Соны жылдан жылға құжаттарды жинайды, талдау жүргізеді.

Осыған орай, қауымдастық жетекшісі келешекте құрылыстағы қателіктерді жою үшін қоғамдық институт немесе кластер құруды ұсынады. Қазір құжаттарын да әзірлеп қойыпты.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз