Қарағандыда мемлекетке 71 миллион теңге шығын әкелген жөргекпұл алаяқтығы туралы атышулы іс бойынша сот отырысы басталды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Жас босанған 25 әйел өз айыптарын мойындап, өкініш білдірді, алайда сотталушылардың барлығы бұл айыптаумен келіспейді.
Сот орындығында бала босанып, бір реттік жәрдемақы мен бір жасқа толғанша бала күтіміне берілетін жәрдемақыны жоғарылатылған сомада алған 25 әйелден бөлек, Қарағанды облысы Жәрдемақы төлеу бойынша мемлекеттік орталық секторы меңгерушісі де отыр. Ол құжаттардың жалған екенін білмедім деп отыр. Жаңа заңнамаға сәйкес, босанған әйелдерден жұмыс орнынан түпнұсқа анықтамалар жинау талап етілмейді. Көшірмелері болса жеткілікті.
Жәрдемақы төлеу бойынша мемлекеттік орталық секторы меңгерушісінен бөлек, «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасымен Алматы тұрғыны да сот залында отыр. Олар АК 159/1 тергеу оқшаулағышынан сотқа күзетші айдауымен жеткізілді. Алматылықтың әйеліне «кепіл» бұлтартпау шарасы қолданылды. Жөргекпұлдан алаяқтық жасау үшін жүкті әйелдерді іздеген Қарағанды тұрғынына да осындай шара қолданылды.
Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеулер қызметінің дерегіне сүйенсек,
төрт ұйымдастырушының әрқайсысы декреттік жәрдемақыдан өз пайыздарын – түскен қаражаттың шамамен 10 пайызын алып отырған.