Қарағанды облысының Топар кентінде балық аулау кезінде автокөлік мұз астына түсіп, 1 адам көз жұмды. Қайғылы оқиға 10 ақпанда Шерубайнұр су қоймасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 1957 жылы туған ер адам мен 1962 жылғы әйел мінген көлік мұздың жұқа бөлігіне шығып кеткен. Мұз автокөлік салмағын көтере алмай, көлік суға батып кеткен.
Ер адам судан өз күшімен шығып үлгерген. Дәрігерлік көмекке мұқтаж болмаған. Ал әйел адамды іздеу жұмыстары бір тәулікке созылды. 11 ақпанда Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуірлері марқұмның денесін 7 метр тереңдіктен, суға кеткен көліктен шамамен 4 метр қашықтықтан тауып, жағаға шығарды.