Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінде ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның 215 млн теңге мемлекет қаржысын жымқыру дерегіне қатысы болуы мүмкін екенін мәлім еткен.
Журналистерге Бозымбаев Шкарупаның қомақты бюджет қаражатын жымқыруға қатысы бар екенін тек Қауіпсіздік кеңесінде ғана білгенін айтты.
«Анатолий Шкарупа (энергетика вице-министрі ретінде – автор) бізге қазанның ортасында келді. Қауіпсіздік кеңесінде ҚР Бас прокуратурасы мәліметіне сәйкес, бірдеңені бүлдіргенін білдім.
Осы отырыста оны Қарағанды облысының прокуратурасына шақырыпты. Менің білуімше, ол куәгер ретінде барған. Қазіргі таңда оның статусы куәгер», – деді министр.
Осы орайда ведомство басшысы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның қызметінен босату мәселесі қаралып жатқанын жеткізді.
«Қазіргі таңда біз оның қызметіне байланысты мәселені қарастырып жатырмыз. Яғни вице-министр қызметін тоқтата тұру немесе өз еркімен қызметінен кету мәселесіне қатысты. Ол білікті кадр.
Ол тариф бағана қатысты мәселені реттеуге көмектесіп, оны төмендетуге ат салыса алар еді. Бірақ 2015 жылы болған оқиғаға қатысты түсініктеме бере алмаймын. Себебі, сол кезде басқа өңірде болдым», – деді Қанат Бозымбаев.
Осы орайда Анатолий Шкарупаның министрлікте электр энергиясы саласына жауап бергенін атап өтті.
Айта кетейік, ҚР Бас прокуратура энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаны «2015 жылы ешқандай орталық жылу жүйесі жоқ Саранға жылу есептегіш құрылғыларын қою үшін бөлінген 215 миллион теңгені жымқырды» деп, айыптап отыр.