Ел біріншілігінде өнер көрсететін алматалық “Қайраттың” жаңа бас бапкері болып испаниялық маман Карлос Алос Феррер тағайындалды, деп хабарлайды Vesti.kz порталы.
Феррердің тағайындалғаны туралы клуб басшысы Қайрат Боранбаев өзінің Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады. Испаниялық маман “Қайраттың” тізгінін маусымның соңына дейін ұстайтын болады.
42 жастағы Феррер Қазақстанда 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол шымкенттегі “Оңтүстік” академиясында екі жыл жұмыс істеп, Қазақстан жасөспірімдер құрамасын баптап келген еді. Қазақстанға дейін ол Испания, Гонконг және Польшада жастар мен жасөспірімдер академияларында жұмыс істеген.
Испаниялық маман карьерасында тек бір рет қана кәсіпқой футбол клубының бапкері болған. 2015 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында “Погонь Седльце” тізгінін ұстап, бар болғаны он кездесу өткізген.
Еске салсақ, 21 шілдеде грузин маман Кахабер Цхададзе қызметінен кеткеннен кейін “Қайрат” клубы бас бапкерсіз қалған еді.