Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Кетсем деп жүрген”. Ұшақ апатынан қаза тапқан профессор ең ауыр оталарды жасаған

134

Әріптес келіншек Талғат Патсаевпен Алматыда №5 перзентханада бірге істегінін айтады.

“Ол біздің перзентханаға алғаш келгенде бәрі одан қорқатын.

Өйткені бұрыс нәрсе көрсе ол үнсіз қалмайтын, әділетсіздікке жаны қас еді. Бастықтармен де дауласып, ақыры онікі дұрыс болып шығушы еді…”, – дейді ол.

Әріптесінің айтуынша, марқұм профессор халықаралық тәжірибеден үнемі құлағдар болып, өздігінен ізденіп жүретін, білгенін әріптестеріне айтып отырады екен.

-Бірде ол: “Мына дәріні бүкіл әлем елдері түсік тастауға қарсы қолданады„ деп көрсетті. Біздікілер оған сенбеді. Мен министрлік бекітсе біз де қолданармыз дедім. Сөйтсем ол: „Ойбай, ол біздікілерге жеткенше қай заман, қанша әйел түсік тастап тастайды„ деді. Қазір сол кісі айтқан дәріні түсік тастауға қарсы бірден бір ем ретінде қолданамыз.

Тағы бірде Астанада министрлікте хаттама толтырып жатқанбыз, оның көрші бөлмеден ащы дауысы естілді. Жүгіріп барып сыртқа алып шықтым. Неге айқайлайсың деймін. Ол: “Масқара, ұсынған окситоциннің дозасын сен көрсең ғой, болмайды бұл, әйелдерді қырайын деп жүр ме” деді.

Мен енді бүкіл әлем сөйтеді ғой дедім. Сөйтсем ол: “Басқа ел не істейді онда шатағым жоқ, бірақ біздің әйелдерге мұны бергізбеймін” деп айғайлады. Шынымен де ол дегенінде тұрды. Кейін естідім, бүкіл әлем ақырындап ол дозадан бас тартқан екен.

Одан кейін біз үнемі ауыр науқастардың емінде жолығып жүрдік. Консилиумға шақыртатын оны. Мен оның айтқанына үнемі құлақ асатынмын. Ол диагнозға дөп түсетін. Ештеңеден қорықпайтын, барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, кез келген отаға кірісіп кететін. Іссапарға барғанда біз қағаз толтырып жүрсек бос кезде, ол скайппен бала-шағасымен сөйлесіп отыратын.

Жақында тағы бір жолығысып қалдық. Қабағы түсіңкі еді:

“Акушерлікте менің қолымнан бәрі келеді. Ең ауыр оталардың барлығы маған бұйырады. Ал алатыным – тиын-тебен. Жылағың келеді. Косметикалық гинекологияға барам ғой деймін, плазманы салып қойып, уақытында үйіме қайтамын, ана әйелге, оның баласына не болды деп алаңдап, басымды ауыртпаймын. Үйіме көбірек уақыт бөлем, іссапарға да көп шықпаймын, жақсы емес пе?„ деді. Бірақ үлгермеді ғой…, – дейді ол.

Еске сала кетелік, 3-қазанда Алматыдан әуеге көтерілген АН-28 ұшағы 12 минуттан соң радардан жоғалып кеткен. Ол медициналық көмек көрсету үшін Алматыдан Шымкентке бағыт алған еді. Бортта 5 адам болған. Екі дәрігер, үшеуі ұшақ қызметкерлері. Кейіннен ұшақ апатқа ұшырап, өртке оранып жатқан жерінен табылды. Әуе апатынан Патсаевтан басқа Кадиология және ішкі органдар ауруын ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері, профессор Жәнібек Артықбаев та болған. Борттағылардың барлығы мерт болды.

Бұл оқиға ВК-дағы „Атамның басы-ай„ тобында қызу талқыланып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз