Нұр-Сұлтан
Қазір
-27
Ертең
-10
USD
511
-4.57
EUR
540
-4.99
RUB
5.15
-0.02

Каспийдегі мүддемізді әскери-теңіз күштеріміз қорғауға қабілетті

211

Ал егемен еліміздің армиясы 1992 жылы 7 мамыр күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығымен құрылды. Бүгінгі таңда армия –Құрлық әскері, Әуе қорғаныс күші және Әскери-теңіз күші деп үш салаға жіктелді. Әрине, осы үш салаға бөлінген қарулы күштеріміздің қай-қайсы да өздерінің алға қойған мақсаттарын мүлтіксіз орындап жатыр деп айтуға болады. Соның бірі Әскери-теңіз күштеріміз Каспийдегі Қазақстанның байлығын һәм осы теңіз арқыл өтетін шекарасын қорғауда.

Жалпы, Каспий табаны мен оның бойындағы еліміздің байлығы жөнінде осы тұста айта кеткен жөн. Өйткені Қазақстанға тиселі мұнай мен газдың мол қоры осы Каспийдің табаны мен жағалауында жатыр. Мәселен, алдын ала жүргізілген есеп бойынша, Каспий табанында 10 миллиард тонна болатын мұнай жатыр. Кей деректерде теңіздегі мұнай-газ қоры 18-20 миллиард тонна деп есептеледі. (Солтүстік теңіз бен Парсы Шығанағынан кейінгі орында). Бұл аз қор емес. Нақтылай түсетін болсақ, Каспий теңізінің жалпы ауданы – 376 мың шаршы шақырым. Оның беті теңіз деңгейінен 28 метр төмен жатыр.

Теңіз солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созыла орналасқан. Теңіздің ендірек жері – 435 шақырым, ал енсіз жері – 193 шақырым. Каспий теңізінің жағалау сызығының ұзындығы – 7000 шақырым. Оның суы 5 мемлекеттің жағалауын шайып жатыр. Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне – 29 пайызы (2340 шақырым), Ресейге – 16 пайызы, Әзірбайжанға – 20 пайызы, Түрікменстанға – 21 пайызы, Иран Ислам Республикасына 14 пайызы тиеді.

Бүгінде әлем бойынша көмірсутегі қорының көлемі кеміп келе жатқан тұста, Каспийдегі «майлы шелпекті» кім де болса мол қарпып қалуға тырысары анық. Ал Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің барланған мұнай қоры 4,6 млрд баррельге бағаланады. Демек, осынау зор байлықты қорғау үшін әскери-теңіз күштері қажет. Осы мақсатта – Қазақстан Республикасының президентінің 7 мамыр 2003 жылғы жарлығына сәйкес, Әскери-теңіз күштері құрылды. Негізгі әскери қимыл аудандары Каспий теңізі шекара аймақтары.

Қазіргі күні әскери-теңіз күштеріміздегі сарбаздардың жалпы саны 3,000 адамнан құралады, оған 20 тарта кеме және өзгеде атыс құралдары қызмет көрсетеді. Мәселен, теңізді әуеден қорғау үшін Су-27 секілді шабуыл ұшақтары, Ми-24 секілді тікұшақтар, артеллириялық қондырғылар, тағы басқалар.

«Орал», «Астана», «Маңқыстау» секілді зымырандық қуатты кемелер бар. Алдағы уақытта да жаңа кемелер сырттан сатып алынып қатарға қойылмақ.

Мұнымен қатар, еліміздегі Орал қаласында орналасқан «Зенит» зауытында түрлі деңгейдегі әскери кемелерді алдағы уақытта да жасалып, Каспийдегі теңіз күштерімізге жібере бермек.

Рас, тек Қазақстан ғана емес, жағалауда жатқан өзге елдер де өздеріне тиесілі байлықты қорғауға ниетті. Демек, осындағы әскери-теңіз флотын күшейтуге күш салмақ. Сол секілді Қазақстан да теңіздегі әскери кемелерін арттырып, бар байлығын қорғауға қамдану үстінде.

Әрине, Каспий теңізінде Ресей флоты мықты. Оған ешкім дау айта алмас. 2020 жылға дейін теңізге соңғы үлгіде қаруланған тағы 20 әскери кеме түсірілмек. Қазірдің өзінде 300 шақырым қашықтықтан көздеген нысананы жойып жіберуге қауқарлы «Татарстан», «Дағыстан» секілді зымырандық кемелері бар.

Екінші орында Каспийдегі қуаты жағынан Иран тұр. Ол елдің осы теңізде 90-ға жуық кемесі, үш әскери базасы бар. «Джамаран – 2» атты өте ірі кеме Иранның Каспийдегі әл-қуатын одан әрі арттыра түсуде.

Жалпы, Каспийдегі әскери теңіз флотын күшейтуге Қазақстанмен қатар Әзірбайжан мен Түрiкменстан да қызу кіріскен. Қазақстан үшін Каспийді қорғау – басты мәселенің бірі. Неге екенін басында айтып өттік. Өйткені ол маңда еліміздің экономикасын өрге сүйреп келе жатқан аса қажетті көмірсутегі отынының мол қоры бар. Ал оны қорғау сондай-ақ Каспий теңізінің үстімен өтетін шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету-еліміздің әскери-теңіз күштеріне жүктелген.

Ал мұндай жауапты істі әскери-теңіз флотымыз абыроймен орындап отыр деуге болады.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

– Каспий жағалауында жатқан бес ел бір-бірімен дос, жақсы қарым-қатынастағы мемлекеттер. Тіпті Иранның өзін алайық, Қазақстанмен жақсы ма – жақсы, Ресеймен де жақсы. Рас, бұл аймақта АҚШ-тың да, Қытайдың да, Еуропа елдерінің де мүдделері тоқайласып жатыр. Сондақтан белгілі бір деңгейде келіспеушілік, тартыс бола береді. Бірақ Таяу Шығыс не болмаса Парсы шығанағы секілді тұрақсыздық аймағы бола қоймас. Ондай жағдайға жеткізбеуге теңіз жағалауындағы бес мемлекет басшыларының парасаты жетеді деп ойлаймын. Ал Каспийдегі Қазақстанның әскери-теңіз флотына келетін болсақ, ол құрылымның жағдайы жаман деп айтуға болмас. Кез-келген уақытта теңіздегі еліміздің мүддесін қорғауға қабілетті. Әлі де мықты зымырандармен жасақталған кемелерді сапқа қойғанымыз жөн.

Саясаттанушы Сайын Борбасов

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз