Кәсіпкерлер қазіргі таңда жетіп артылады. Бірақ, елге тиер пайдасы барлар қолмен санарлық. Ақтөбедегі су тасқынынан зардап шеккен отбасыға пәтер сыйлаған кәсіпкер Қайрат Құдайберген , енді Алматыдағы зообақтың сыртқы қарызын төлеп берді.
Мұндай жақсы жаңалықты зообақ директоры Ержан Еркінбаев Facebook желісіндегі парақшасында хабарлайды.
“Қайрат Құдайберген Алматы зообағының реконструкциясына жоба құрғаны үшін танымал неміс сәулетшісі Питер Разбахқа төленуі тиіс қаражатты төлеп берді. Атқарылған жұмыстың қарыз мөлшері 62 мың еуроны құраған. Өзінің маңдай терімен табылған ақшасын қаланың көркейуі үшін бере салу әркімнің қолынан келе бермейді.
Енді Қайрат екеуіміз Разбахпен ынтымақтастықты жалғастырып, жобаны аяқтамақ ниеттеміз! Рахмет Қайрат”, – деп жазған Еркінбаев.