Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
17
USD
475
+0.11
EUR
516
+0.21
RUB
5.5
-0.08

Карина Горичева: “Елімнің сенімін ақтағым келеді”

Отандық ауыр атлетика спорты үлкен дағдарысқа тап болғаны жасырын емес. Аяқтан шалған тұстар да аз болған жоқ. Содан да шығар осы уақытқа дейін қасықтап жинаған абыройымызды, шелектеп төгуге аз қалдық.

Мұндайда өткенге үңілудің, артыңа алаңдаудың қажеті шамалы. Болар дүние болды, өтер дүние өтті. Болашақ жайлы ойланған жөн. Бұл спорттың ертеңгі күні шашбауын сүйрейтіндер кімдер?

Міне, небары 23 жасында Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Карина Горичева отандық ауыр атлетика спортының ертеңі, келешегі.

15 жасынан бастап осынау спорт түрімен айналыса бастаған Карина айналасы 4-5 жылдың ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бірақ, ең басты бағындырар шыңы әлі алда еді.

Ішкі біріншіліктерді, Азия чемпионаттарында топ жарғандар қатарынан көрінген Карина Риода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алғанда отандық жанкүйер көп үміт күтті одан. Сенім артты. Үкіледі. Бабы мен бағы қатар шапқанын қалады.

Үмітімізді ақтайды Карина. Үкілеп шығарып салдық, аяғын жерге тигізбей қарсы алдық.

63 келіде өнер көрсеткен ол Олимпиада ойындарында қола медаль алды. Бөркімізді аспанға аттық.

Карина мұнымен тоқтаған жоқ. Тоқтау тоқыраудың басы. Бұдан соң Универсиада ойындарында топ жарып, күміспен күптелді.

«Бұл мен бағындырар шыңның алғашқы баспалдақтары ғана деп есептеңіз. Ендігі арманым Азия біріншілігінің үздігі атану, кейін Әлем чемпионатында топ жару. Бұдан соң ең биік белес Олимпиада шыңын бағындыру», – дейді ол

Иә, сөз бен іс сәйкесіп жату керек. Сөзің мен ісің бір жерден шықпаса мақсатыңа жетуің де неғайбыл. Мақсатына жету жолында жерлесіміз әзіргі күні күн-түн демей жаттығып, алдағы өтетін ауқымды жарыстарға тыңғылықты дайындалып жатқан жайы бар.

Оның мақсаты байрақты бәсекелерде Қазақстанның көк жалауын желбірету. Еліміздің әнұранын ойнату. Еуразия жүрегіндегі елді әлемге таныту…

Бұл ретте біз Каринаның өзіне хабарласып, алдағы жоспарлары туралы сұрап білдік.

«Біздің өміріміз спорт залында өтеді ғой. Маңдайдан ащы терді шығармайынша, жетістікке жетем деп ойлаудың өзі қисынсыз. Алдағы уақытта Қырғызстанда үлкен халықаралық турнир өтеді. Әзіргі күні осы бәсекеге тыңғылықты түрде дайындалып жатырмыз.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қола алынған «100 жаңа есім» жобасына үміткер ретінде енгеніме қуаныштымын. Меніңше, танымалдылық еңбекпен келеді. Ел таниды сені. Ең бастысы жерлестерімнің сенімін ақтау үшін қырғыз елінде барымды салатын боламын».

SONY DSC

Айта кетелік, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына бір ғана Алматы облысынан 6 адам өтті. Барлығы да үлкен жетістіктерге жеткен, өз ортасына сыйлы азаматтар. Солардың арасында Карина да бар. Танымалдығы жағынан күллі әлем көз тіккен дүбірлі додаларда еліміздің намысын қорғап жүрген Карина, әрине, алда.

Каринаның спорттық ғұмырында оған әрдайым демеу болып жүрген бір адам болса, ол – анасы.

Елена Горичева алтын асықтай қызының әрбір алға аттаған әрбір адамына, әрбір жетістігіне үнемі қуанып отырады.

«Кеше ғана мектеп партасында отырған еді. Бүгін әлемдік спорттық ареналарды еліміздің атын танытып жүр. Қызымның Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асқан «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енгені мен үшін үлкен абырой. Мақтаныш. Қызыммен мақтанамын. Бала кезінен бері қолға алған әрбір іске жауаппен қарайтын. Қазір де сондай. Кез-келген жарысқа ерекше ықыласпен дайындалады. Қай жарысқа қатысса да жеңіспен оралғанын қалаймын. Мерейі үстем бола берсін! Қызымның тілеуін тілеп, дауыс беріп жатқан барша қазақстандықтарға деген алғысым зор» – дейді Елена Горичева.

Ауыратлеттің жаттығу кезіндегі көрсеткіштері көңіл қуантады. Анасы айтқандай бастаған ісіне барынша жауаппен қарайтын Карина қазіргі күні жұлқа көтеруде – 122 келіні, ал серпе көтеруде 145 келіні бағындырып жүр екен.

Айтуынша, бұл көрсеткіштер ертең жеңіске жетуге кепілдік болады деуге ерте. Себебі, бәйгенің аты бәйге. Шын жарыс жаттығудағы көрсеткіштері елемейді. Мұнда сонымен қатар жүйке жүйең де темірдей берік болуы керек.

Жерлесіміз бұл жағынан мықты. Бала жасынан бастап көптеген халықаралық ауқымдағы аламандарға қатысып, тәжірибе жинақтаған Карина: «кез-келген жарыста үздік нәтиже көрсетуге әзірмін» дейді.

Оның ендігі арманы Рио Олимпиадасының қола жүлдесін алтынға айырбастау. Сол күнге жеткізсін деп тілейік.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз