Тәжікстанның Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік төрағасы Жума Даулатов мемлекет басшысының ұлы Рустами Эмомалидің Душанбе қаласының әкімі болып тағайындалуы елдегі заңдарға қайшы келмейді деп мәлімдеді. 6 ақпанда өткізген баспасөз мәслихаты кезінде ол Рустами Эмомали жергілікті және шетелдік оқу орындарында білім алған, үш дипломы бар деді.
«Жаңа қызметке дайындалған бірінші күні-ақ ол өзіне жүктелген міндетті орындай алатынын көрсетті. Қаржылық бақылау және коррупцияға қарсы күрес агенттігін басқарған кезде де оның жұмысында ақау болған емес», -деді Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік төрағасы.
Жума Даулатовтың сөздерінше, заңға сәйкес, қала және аудан әкімдері үш жылда бір рет қайта дайындықтан өтулері қажет. Душанбенің мэрі де дайындық дәрісінен өтетін болады деді ол.
Рустами Эмомали – Тәжікстан президентінің үлкен ұлы. 12 қаңтарда ол Душанбе әкімі болып тағайындалды. Оған дейін Кеден комитеті және коррупцияға қарсы мекемені басқарған.
Жума Даулатовтың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің 44 пайызының жастары 35-тен төмен.