Ресейдің бұрынғы кеңес елдерін өзіне бағындыру саясатын қолдайтын Дональд Трамп АҚШ-тағы сайлауда жеңіске жетті.
Енді не болады? Осыған дейін саясаттанушы Досым Сәтбаев Қазақстан үшін Хиллари Клинтонның президент болғаны ыңғайлы болар еді деп болжап еді.
– Бізде жұмыс істеп жатқан ірі мұнай газ компаниялары демократтар мен республикашылармен байланысты екенін ұмытпалық. Лоббишілер онда да, анда да бар. Америкалық компаниялар Қазақстанның шикізат өндіруші секторына 30 миллиард доллар салып отыр. Егер Қазақстанға әсері болса, ол тікелей емес, Қазақстан арқылы жүргізіледі.
Сыртқы саясат бағдарламаларында екі кандидат та Ресейді қамтыған. Трамп Ресейдің посткеңестік кеңістікті өз бақылауына алуын қолдайды. Ал Хиллари бұл арада тепе-теңдік болуы тиіс дейді. Сондықтан бізге ыңғайлысы -Хиллари„ деген еді Досым Сәтбаев.
Алайда Хиллари жеңілді. Economist/YouGov сауалнамасының қорытындысы бойынша Трамп Клинтонды 59/58 деген айырмада, яғни 1 пайыз айырмашылығында ұтып кетті.
Орталық Азия стратегиялық зерттеу институтының жетекшісі Анна Гусарова Tengrinews.kz агенттігіне берген сұқбатында Трамп билікке келсе, республикашылар саясатта үлкен дүмпу жасайды дейді.
– АҚШ-тың орталық Азия бойынша саясаты өзгермейді. Бірақ белгілі бір түзетулер болуы ықтимал. Онда да жұмсақ саясатқа көшу тұрғысында.
Саясаттанушы Замир Қаражанов Дональд Трамптың билікке келуін құптайтынын айтады.
– Оның билікке келуі – „Америкалық ғасырдың„ соңы. Бұл терминді 1941 жылы “Life” журналының редакторы Генри Люс қолданды. Ол бұл АҚШ-тың әлемге патшалық етуі туралы пікірінде айтқан. Қалай дегенмен де қанша президент ауысса да ол мемлекетаралық қарым-қатынастарға үлкен ықпал еткен емес.
Тіпті кіші Буш АҚШ шикізаты секторын ұстайтындардың адамы болса да Қазақстан Қашағанды құрып жатты, бұл фактор екі елдің қарым-қатынасын жоғары деңгейге жеткізген жоқ. 2005 жылы Қашаған жобасынан BG Group компаниясы шығып қалған, ал Обама кезінде — ConocoPhillips. Есесіне бұл жобада Қытайдың үлесі артты. Айналып келгенде, біздегі мол мұнай АҚШ-ты қызықтырмады, – дейді ол.
Саясаттанушының пікірінше, Трамп оқшауланғанды жақсы көреді.
– Сондықтан АҚШ-тың Орталық Азиядағы ықпалы әлсіреуі мүмкін. Одан Орталық Азия ұта ма, ұтыла ма? Мәселе осында. Қалай дегенмен де АҚШ билігінің геосаяси шешіміне лобби топтардың ықпалы зор. Сондықтан ол сайлау алды компанияда айтқандарын жүзеге асырады деп айта алмаймын. Мысалы Барак Обама кезінде Гуантанамо түрмелерін жабамын, Батыс елдері мен мұсылман әлемі қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеремін деп уәде еткен. Алайда оның барлығы сөз жүзінде қалды ғой. Сол секілді Трамп та айта беруі мүмкін.