Аса ірі көлемде есірткі дайындағаны және оны сатқаны үшін сотты болған Италия азаматы жазасын өтегеннен кейін Қазақстаннан қуылды, – деп хабарлайды Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Атап айтарлығы, Қазақстанға келген Италия Республикасының азаматы Сидагни Флавиони Қазақстан Республикасының халқының денсаулығына, адамгершілігіне қарсы ауыр қылмыс жасаған –
ол аса ірі көлемде есірткі және жүйкеге әсер ететін психотропты заттарды дайындаумен және оны сатумен айналысқан.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2010 жылғы 14-қыркүйектегі үкімімен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 259-бабы 3-бөлігінің «б», «в» тармақтарында (ескі редакцияда) қарастырылған қылмысты (аса ірі көлемде есiрткi немесе жүйкеге әсер ететiн заттарды жасау және сату) жасаған италиян азаматы кінәлі деп танылып, оған осы кодекстің 55-бабын қолданып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Жазаны қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеу тағайындалды. Жазаны өтеу мерзімі 2010 жылғы 20-сәуірде басталды.
Аталған уақыттан бері Сидагни Флавиони Ақтау қаласына барып, жұмыс жасаған, 2016 жылғы 19-сәуірде жазасының мерзімі аяқталғаннан кейін, ол Атырау қаласындағы көші-қон полициясына еліне кету үшін виза рәсімдеуге өтініш берген.
Алайда Қазақстан Республикасының халқының денсаулығына, адамгершілігіне қарсы ауыр қылмыс жасаған италияндық азаматтың соттылығы жойылмаған.
Жақында Атырау қалалық соты Казақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Сидагни Флавиониді Қазақстан Республикасының шегінен тысқары шығару туралы азаматтық істі қарады. Сот отырысы барысында Италияның азаматының Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 259-бабы 3-бөлігінің «б», «в» тармақтарында (ескі редакцияда) қарастырылған қылмыстық іс -әрекеттерді жасағаны анықталды.
Ал Қазақстан Республикасының «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Заңы 28-бабының „в„ тармақшасына сәйкес, егер шетелдік азамат Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса, онда оны елден тысқары шығару қарастырылған.
Осы негізде сот заң талаптарына сәйкес, Италия азаматы Сидагни Флавиониді Қазақстан Республикасының шегінен аластату туралы шешім шығарып, оған республика аумағынан кетуге 15 күн мерзім уақыт берді.
Шешім заңды күшіне енді.