Иранда 14 қараша аза тұту күні деп жарияланды. Елдің батысында жер сілкінісі болып, соңғы деректер бойынша 445 адам қаза тауып, 7 156 адам зардап шеккен, деп хабарлайды Today.kz IFP басылымына сілтеме жасап.
“Иран үкіметі осы трагедияға қайғырып, көңіл айтады. Иран үкіметі жарақат алған адамдарға да денсаулық тілейді. Барлық құрбан мен жәбірленушіге құрмет көрсету үшін 14 қараша ұлттық аза тұту күні болып жарияланды”, – деп хабарлады ел билігі.
Естеріңізге салайық, 7,2 магнитудалы жер сілкінісі 12 қарашада Иран-Ирак шекарасында болған. Жер сілкінісінің ошағы 10 километр тереңдікте орналасты. 13 қарашада ҚР СІМ баспасөз қызметінің кеңесшісі Ержан Мұстафин зардап шеккендер арасында қазақстандықтардың жоқ екенін мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Республикасының басшысы Хасан Руханиге көңіл айту жеделхатын жолдады.