Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Ипотекаға үй алған әскерилер далада қалуы мүмкін

Жап-жаңа 3 бөлмелі пәтер Динараға 2015 жылдың қараша айында тиген. Екі жылға жуық емін-еркін тұрып жатқан ол күйеуі екеуі алты баланы асырап отыр.

Оның төртеуі қайтыс болған сіңлісінен қалған. Бесеуі мектепке барады, тағы бір қызының мүмкіндігі шектеулі. Осындай жағдаймен аяқ астынан далада қалатынын естіген Динара енді барар жерім жоқ дейді.

“Бүйтіп үйімізден қуып шығады деп ойламап едік. Кезінде қолымызға үйдің кілті тигенде жүрегіміз жарылардай қуанып едік, қазір үйімізден айрылып етегіміз жасқа толып отыр. Маған енді тамыздың 13-і күні пәтерді босат деген хабарлама жіберіпті”,-дейді Алматы гарнизонының әскери қызметкері Динара.

Бұл әскерилерді үймен қамту мәселесі 2014 жылы келісіліпті. Қорғаныс министрлігі Қазақстан ипотекалық компаниясына ақшасын төлеп тұратын болып, 102 отбасын осы «Ақкент» ықшамауданына орналастырған.

Бірақ, өткен жылдың желтоқсан айынан бері бір тиын төленбегені жақында ғана белгілі болыпты. Жағдайды түсіндірмек болған жергілікті әскери басшылар баспананы сақтап қалудың басқа жолын ұсынып көрген екен.

«Өз аттарыңа жазып алыңдар деді де барып «КИК-ке» басқаша келісімшарт жасаңдар деді. Договорға қол қойғаннан кейін өздерің ай сайын 210 мыңнан төлеп тұрасыңдар деді, болды. Сендерге компенсация төлейміз дейді. Бірақ, жаңа заң бойынша, 2018 жылдан бастап компенсация тоқтатылады»,-дейді  әскери қызметкердің жұбайы Самал Тұрғанбаева.

Бірақ, 60-70 мың жалақымен күнелтіп отырғандар ай сайын 210 мың теңгені қай қалтасынан алып берерін білмейді.

Ипотекалық компания Қорғаныс министрлігіне қарызды өтеу қажеттігі туралы бірнеше рет ескерту жасағанымен, шенділер тарапынан мардымды жауап болмапты. Министрлік мәселенің мән-жайын тілшілерге де түсіндіріп беруге асығар емес.

Ал Отан үшін ант беріп қызмет етіп жүрген жүзден аса қызметкердің ендігі жайы белгісіз. Үйді босатыңдар деген ескерту алған әскерилер пәтерлерін жиыстырып, көшуге дайындалып та жатыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз