Тұтынушылар әлеуметтік желілердің ішінде адамның жүйке-жүйесіне кері әсері жағынан Instagram-ды ең нашар желі деп бағалады. Ұлыбритания ғалымдары арнайы ұйымдастырылған сауалнама нәтижесінен кейін осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды Baq.kz.
Қатысушылар YouTube, Instagram, Snapchat, Facebook пен Twitter олардың денсаулығы мен жүйке-жүйесіне қалай әсер ететінін анықтау үшін бірқатар сұраққа жауап берді. Әр платформаға мазасыздық, күйзеліс, жалғыздық, қудалау және дене бітімі сияқты мәселелерге қатысты 14 талап бойынша ұпай қойды.
Сауалнама қорытындысына сәйкес, YouTube, Twitter мен Facebook-тің адам денсаулығы мен психикасына әсері оң. Ал ең төменгі бағаны Instagram мен Snapchat алды.
«Адам денсаулығы мен хал-ахуалына әсері жағынан Instagram мен Snapchat-тың көш соңында қалауы қызық жағдай. Екі платформа да суретке негізделген. Бәлкім, бар мәселе де сонда шығар. Олар өзгенің суреттерін, дене бітімін көріп, өздерін ұсқынсыз санап, іштей күйзеліске ұшырайтын болар», – дейді Корольдік денсаулық сақтау қоғамының басшысы Ширли Крамер.
Ғалымдар әлеуметтік желілер жастардың психикасына зиянды екенін ескертеді, сондай-ақ онлайн-платформалардың негізін қалаушылар аталмыш мәселені назарға алса, бұл проблемадан арылуға болады деп санайды.
Корольдік қоғам, сондай-ақ, әлеуметтік желі жасаушыларын тұтынушысын ресурстың қызметін шектен тыс пайдаланып жатқаны жөнінде ескертіп отыруды ұсынды. Сондай-ақ, желі арқылы жүйкесі жұқа адамдарды анықтауға көмектесуге шақырды.