Серік Мәмбетов елордалық “Барыс” клубы спортшыларының жалақысына наразы болды.
“Астаналық “Барыс” клубында өнер көрсететін канадалық хоккейшінің жалақысы 40 миллион теңгені құрайды! Айына!
Бұл (екінші сурет) ауылдардағы спорттың жағдайы. Не дейміз? Бұл туралы шенеуніктер ойлансын”, – деп жазды ол Facebook-те
Бұған дейін БАҚ-та канадалық хоккейші Линден Уэй “Барыспен” жаңа келісімшартқа қол қойғаны туралы ақпарат пайда болды. Шарт бойынша ол жылына 481 миллион теңге алатын болады, оның жалақысы шамамен 40 миллионды құрайды.
Көптеген азаматтар осынша үлкен жалақы алатындай, ол соншама не бітірді, деп наразылық білдірді.
“Бағалар өсіп, ел экономикасы тоқырау алдында тұрғанда “Барыс” хоккей клубы ойыншылармен бірнеше миллион долларлық келісімшартқа қол қояды. Бұл команданы “Самұрық-Қазына” қаржыландырады. Қор үкіметке тиесілі. Яғни, бәрінің сұрауы болуы керек!
Кәсіби клубтарды қаржыландыру тоқтатылуы керек. Бұл қаражатты бұқаралық спортты дамытуға жұмсаған дұрыс”, – деді журналист Мақсат Толықбай әлеуметтік желілерде.
Ол сондай-ақ, бұл мәселе БАҚ-та бірнеше рет көтергеніне қарамастан, “Барыс” та, “Самұрық-Қазына” да үндемей, миллиондаған шарттар жасасып жатқанын атап өтті.