Хан Кененің басын қайтару мәселесі бұдан бұрын да талай мәрте көтерілген. Жазылған, айтылған. Алайда нәтиже жоқ. Көршіміз, әрі “одақтасымыз” Ресей Кенесарының басын қайтаруға келгенде тыжырая қалады. Бұл тақырыпты көтергенімізді қаламайды.
Радұл Сидахметов
Бірақ, ханның басын қайтармай, қазақтың тынышталмасы анық. Бұл жолы да солай болды. Ақтөбеде тұратын Радұл Сидахметов Кремльден Кенесары ханның басын қайтаруды талап етіпті.
Мен хан Кененің ұрпағымын. Жасым 9-ға толғанда, атам маған әжеміздің Кенесарының немересі болғанын айтып берген. Демек, мен қазақтың ұлы ханының шөбересі болған Нағима Жұмақұлованың немересімін, – дейді ақсақал.
Радұл Сидахметовтың айтуынша, 1949 жылы Кенесарының атын атаудың өзі қауіпті болған. Осы себепті де ақсақалдың хан Кенемен туысқандық байланысы барын дәлелдейтін ешқандай құжаты жоқ екен.
Дәл қазір ақсақал Қазақстан мен Ресейдің президенттеріне хат әзірлеп жатыр. Өзін ханның ұрпағы санайтын Сидахметов бабасының басын қайтарып, оны туған жерінде қастерлеп жерлемекші.
– Кенесары қазақтардың басын біріктіріп, осы арқылы патшалық Ресейдің отаршыл саясатына қарсы күреспек болды. 1847 жылы опасыздар бабамызды өлтіріп тынды да, оның басын Ресей патшасына берді. Сатқындардың мұндағы мақсаты империя алдындағы адалдығын дәлелдеу еді. Сатқындар кім? Бұлар Ұлы жүздің қазақтары және олармен көршілес қонған қырғыздар болатын. Өз тарапымнан мен Ресей президентіне үндеу жолдаймын.
Путин! Кенесарының басын қайтар! Ұлы бабабымызды шөбересі Нағима Жұмақұлованың жанына қайта жерлеуге тиіспіз,
– дейді ақсақал.
Радұл Сидахметов қазір 84 жаста. Осыдан бір жыл бұрын Ресейден көшіп келген екен.
Ал оның Путинге жазғалы отырған хатына Кремльдің не деп жауап берері белгісіз. Жауапсыз қалдыруы да мүмкін. Бұл мәселе біздің көршіміз үшін жабық тақырып.
Себебі, Кенесары хан олар үшін жау. Әлі де жау…
Бабамызды басын қайтару мәселесі мұнымен тоқтап қалмасы анық. Ақсақалдың хан Кененің ұрпағы болу-болмауы маңызды емес. Кенесарының басын қайтаруды талап етуге барша қазақтың құқықы бар.