Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Халел Досмұхамедов: Қазақ тілін бұрау жұқпалы ауруды таратқанмен тең күнә

487

Тілдің қорықшысы – қара халық

“… Елдің тілін бұзатын, көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған, мәдениетті елдердің әсері.

Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшы болады. Оқығандар өзіне ылайық әдебиет тілі деген тіл түзейді.

Түзеген жаңа тілін ел ішіне жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді. Әдебиет тілі дұрыстап түзелмесе, қара тілдің затымен жүрмесе, әдебиет тілі көп бұқараға түсініксіз жат тіл болады, елге сіңбейді. Сондықтан жер жүзіндегі жұрттың көбі әдебиет тілін қара тілге жақын қылып, елге түсінікті қылуға тырысады.

Әдебиет тілінің қаруы — баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды.

Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел — сорлы ел. Бұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды. (…)

(…)Ауыздан кірген тамақ сіңу үшін денеге “өзімдік” болу үшін дене заңымен өзгеруі керек. Дене заңымен өзгермеген тамақ, дене заңына көнбеген тамақ денеге сіңбейді. «Бұратана», “қара қарын” болып, денеге зиян береді. Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге “өзілік” болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді. Тілдің қорықшысы қара халық мұны жақсы біледі. «Жапатармағайдың» арабтың 3 сөзіне қандай ұқсасы бар?!

Жат сөздерді қолданғанда, тіліміздің заңымен өзгертіп тілімізге ылайықтап алу қажет. Жат сөзді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер, дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады.

Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз деген — шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді.

Жат сөздерді өзгертпейінше жүргіземіз деп қазақтың тілін бұрағандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп. Арақ, шылым, аурулар адамның денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады. Қайсысының күнәсі көп?!

Тілімізге жат сөздер екі жақтап кіріп жатыр. Бірі- араб, парсы сөздері молдаға оқығандар, екіншілер — Аурупа сөздері, ордаға оқығандар арқылы.

Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру зор қате

ХІХ ғасырдың екінші бөлігінде қазақ елі отырықшы бола бастады. Өзара араласуы кеміді. Көршілес отырған «адабияты» бар ноғай-сарттардың тілі отырықшы елдің арасына жайыла бастады. Осы ағайындар арқылы бірқатар, парсы-араб сөздері өзгермейінше тілімізге кіре бастады.

Көп қазаққа «шатақ» тілдің әсері жарытып тиген жоқ. Шатақ тілден сақтаған:
1) көшпелі салтымыз;
2) бай, ауызша айтылып жүрген ел әдебиеті;
3) Ыбырай Алтынсарыұлы һәм Абай Құнанбайұлы сияқты шын тіл қамқоры болан нағыз әдебиет тіліне жол салған оқымысты жігіттеріміз. (…)

Ұзын сөздің қысқасы, арабша, парсыша сөздерді арабша, парсыша айту керек емес. Қазақша айту керек, қазақ тілінің заңына көндіріп қолдану керек.

Бір сөздің ішінде жуан жіңішке айтылатын дыбыстар аралас келмейді. Сондықтан бір сөздің ішінде бір жағынан “қ”, “ғ” екінші жағынан «к», «г», «е» дыбыстары кірмесін. Жуан сөздерге жіңішке жалғаулар, жіңішке сөздерге жуан жалғаулар жалғанбасын. (…)

Біздің қазақ-қырғыздың ішінде Аурупа тілдерін жақсы білетініміз аз, көбіміз білмейміз. Аурупа сөздері бізге орыс арқылы жалғасады… Сондықтан, орыс сөздерін қолданғанда сақтық керек. (…)

Мектепте ана тілін жақсылап оқыған балаға орыс сөздерін көпке дейін дұрыстап сөйлеу мүмкін емес. Біздің айтайын дегеніміз мынау. Орысша жақсы сөйлеймін деп мақтану керек емес, ойлаңқырау керек.

Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең бұл күйініш.

Өз тілін білмей тұрып, жат тілді еліктей беруі зор қате. Бұл оқығандардың есінен шықпауы керек”.

Халел Досмұхамедов
Ташкент, 25 апрель 1923 жыл

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз