Біз кім едік? Кімге айналдық? Қандай едік? Қандай болдық? Біздің өткенімізді кім өзгертті? Біздің тарихымызды кім бұрмалады? Жазушы Советхан Ғаббасов Abai.kz сайтында жарияланған мақаласында осы туралы ой толғаған екен. Автордың айтқысы келгенін барынша ықшамдап ұсындық.
Ғаббасовтың бірінші дәлелі:
“Еуропацентризм” идеологиясында – тарихтың әділеттілігі мен шындығы жоқ. “Еуропацентризм” күллі адамзат тарихын бұрмалаған.
Мысал үшін :
– Шығысында ‑ Қытайға, Батысында – Римге теңдессіз әсерін тигізген Тұран елінің тарихы қайда ?..
– Немесе, бүкіл Қытай қорғанынан Қаратеңіз бен Қап тауына дейін созылған Ғұн империясының өркениеті неге жасырылады?
– Бір мезгілде өмір сүрген А. Македонский марапатталады да, одан он есе күшті қолбасшы болған Мөде‑хан жайында еш тарихта айтылмауының себебі неде?
– Тіпті, Еуропаға аса үлкен әсері болған Еділдің (Атилланың) тарихы неге жасырылды;
– Еуропаның Ү‑ші ғасырға дейін САҚ‑ тілінде сөйлегені;
– Немесе, Шығыс Еуропаның ІХ‑Х‑шы ғасырларда қыпшақ тілінде байланыс жасағанын да (Кодекус куманикус) айтпаудың себебі неде?
– ҮІ‑ҮІІІ ғасырларда бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Шығыс және Батыс Түркі қағанаттары жайында да айтылмауы қалай?..
– Кешегі өткен Шыңғысхан – Жошы ‑ Батый – Алтын Орда жайындағы шындықтар неге бұрмаланып отыр?
“Сақтар мен Ғұндар тарихының әдейі айтылмауынан, бүкіл Түркі халықтарының көне тарихы бұрмаланды. Осы бұрмалаудың бетін ашқан, Қазақ даласынан табылған бірнеше Алтын Адамдардың ескерткіштері.
– Байтақ даламыздың төрт құбыласынан да, Шығысында – Алтайдың мұзды тоңының астынан, әуелгі қалпында бұзылмай табылған Берелдегі Алтын Адам мен ер‑тұрмандары алтынданған, мүйізді аттардың бүтін күйінде сақталуы, еуропацентризмнің көмекейіне құм құйғандай болды.
– Тағы да сол Шығыстағы – Сауыр тауының етегіндегі Шілікті де табылған даналық өрнектерге толы зергерлік бұйымдардың мәні мен мазмұны, тіпті, ерекше екенін айтсақ та жетеді.
– Ал Алатау аңғарында табылған Алтын Адам дүниені дүр сілкіндіріп, қазір АҚШ‑та және БҰҰ‑ның ғимаратында жанынан өткен жандарды тәнті етіп тұр. Жеріміздің Батысы мен Терістігіндегі енді‑енді ашылып жатқан көне қалалардың берері бұлардан да қызық болуы мүмкін”.
Еуропацентризм методологиясынан тарихымыз ғана таяқ жемеген. Ғаббасовтың пікірінше, күллі ой-санамыз, діліміз, дәстүріміз, мәдениетіміз бүлінген.
Бұл идеология кейін жаһандану саясатына ұласқан.
“Анығында, еуропацентризм методологиясын кешегі Қызыл империя көшірген”, – дейді автор.
Ғаббасов бұған дәлел келтіреді.
Автордың екінші дәлелі:
“Өзінің отарындағы халықты еркін төстеп билеу үшін Қызыл империя олардың ұлттық және азаматтық санасын оятпауға ұлттық тарихын, халықтық педагогикасын жойып жіберуге, тілін, жер аттарын, дәстүрі мен салттарын өшіруге тырысты. Ол ішінара нәтижесін берді. Бүгінгі шалақазақтар мен космополиттер сол саясаттың жемісі”, – дейді ол.
Ғаббасов сөзін былай түйіндейді.
“Бірте‑бірте жоғарыда келтірілген деректердің бәрі де өзінің тарихи орындарын алатынына сенгіміз келеді. Әйтпеген жағдайда, адамзат қауымының тәрбиесі тәркіленіп, қоғамдағы тәртіпсіздік пен әділетсіздік апатты жағдайларға жеткізері қақ. Бұдан құтқаратын, тек халықтық тағылымға негізделген адамзаттық парасат пен сана ғана болмақ…„