Ақмола облысының Степногорск қаласында зейнеткері алаяқтардың жаңа айласына алданып қалды. Алаяқтар әйел адамды флюорографиядан өту қажет деп сендіріп, оның банк шоттарындағы барлық ақшасын иемденіп кеткен, деп хабарлайды https://kaz.365info.kz/ сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
2025 жылдың тамыз айында белгісіз ер адам 1950 жылы туған әжейдің ұялы телефонына хабарласып, өзін емхана қызметкерімін деп таныстырған. Ол зейнеткерге флюорографиялық тексерістен өту керектігін айтып, қызметке жазып қою үшін 1414 нөмірінен келген СМС кодты сұраған. Әйел адам кодты айтқаннан кейін бірнеше күннен соң оған түрлі нөмірлерден қоңыраулар түсе бастаған.
Бұл жолы алаяқтар өздерін Электрондық үкіметтің қауіпсіздік қызметі, Ұлттық банк, қаржы полициясының қызметкерлері ретінде таныстырып, түрлі қорқынышты сценарийлер айтып, зейнеткерді әбден шатастырып, үрейлендірген.
Алаяқтар әйелді қатты сендіріп, қорқытқаны сонша, ол жинаған барлық ақшасы, яғни депозитте жатқан 9 миллион теңгеден астам қаражатын белгісіз адамдардың шотына аударған.