Шымкентте 22 жастағы қызы туған әкесіне пышақ сұғып алды. Қазір 46 жастағы азаматқа шұғыл түрде ота жасалып, жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады. Оқиға отбасылық жанжал барысында туындаған.
«Мен ештеңе жазбаймын. Ол үйден кетсін. Тыныштық берсін», – дейді жәбірленуші Мұрат Шадамов.
Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі Сәбит Байбосынов науқастың жағдайы әлі де ауыр екенін айтады. Оның сөзінше, жәбірленушінің ішінің оң жақ тұсына кірген пышақ аш ішектің үш жерін кесіп жіберген. Соның салдарынан ішке қан кеткен.
Ал Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық ІІБ бастығының орынбасары Ердәуіт Ниязов осы фактіге байланысты ҚР ҚК 106-бабына сәйкес іс қозғалып, тергеудің жүріп жатқанын мәлім етті.
Әкесіне пышақ жұмсаған келіншек бір жыл бұрын күйеуімен ажырасқан көрінеді. Соңғы уақытта кішкентайымен бірге төркінінде тұрып жатыр екен.