Ақтөбеде тіс емханасының қызметкерін бес сағат бойы кепілде ұстап, ақыры тәртіп сақшыларының оғынан мерт болған жігіт – 24 жастағы Абылай Тілеуов.
Оқиға орнына азаматты райынан қайтару үшін туған-туыстары да алдырылған деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Полицияның мәліметінше, 24 жастағы жігіт бір апта бұрын ажырасқан келіншегінен кек алмақ болған екен.
Ең бірінші оны сол маңдағы киім сататын дүкен қожайыны сабырға шақырмақ болыпты. Кейін тәртіп сақшыларымен қоса күдіктінің туыстары да Абылайды райынан қайтаруға тырысқан.
“Өміріне нақты қауіп төнген азаматты босату туралы келіссөздер жүргізілді. Алайда, қылмыскер заң талаптарын орындаудан бас тартты. Оқиға орнына жеткізілген туыстарының да өтініштеріне құлақ аспады. Қылмыскер бар мақсаты бұрынғы әйелін өлтіру екенін, оны алдын ала жоспарлағанын айтты”, — дейді Ақтөбе облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары Арыстанғани Заппаров.
Айтқанға көнбеген жігітті тәртіп сақшылары ақыры атып өлтірді. Ал кепілде болған емхана қызметкері қатты шошынып қалғаны болмаса, дін аман.Сондай-ақ, күдіктінің жарақат алған енесі қазір үйінде ем алып жатыр.
Кетіп қалған келіншегінен кек аламын деп қаза тапқан жігіт былтыр ғана істі болған екен, яғни, ұрлық үшін сотталып шыққан.