Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне 188 отбасы қоныс аударды.
Алайда бүгінгі күні олардың жартысынан астамы әлі де екі қолға бір күрек таппай отыр деп хабарлады „Хабар-24„. Себебі көшіп келген ағайынның басым бөлігі жаз айларында бау-бақшамен айналысып, өз шаруаларын ашпақ ниетте. Өңірге арнайы жұмыс сапарымен барған еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова қала, аудан әкімдерімен кездесіп, аталған жобаның жаңашылдықтарына тоқталды.
Жалпы үстіміздегі жылы өңірге тағы 747 жанұя көшіп келетін болады.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Биылдан бастап осы бағдарлама аясында бес бірдей отбасын көшіріп әкеліп, жұмыспен қамтыған кәсіпкерге қолдау көрсетілетін болады. Яғни, жаңа ережеге сәйкес, бес азаматты үш жыл бойы жұмыспен қамтыса мемлекет оның әрқайсысына 1 миллион теңге шамасында субсидия береді. Бұдан бөлек өз шаруасын кеңейтемін деген азамат та 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант ала алады.