Елімізде әр 81 секунд сайын бір сәби дүние есігін ашса, әр 216 секунд сайын бір адам қайтыс болады. Бұл туралы бүгін ҚР ҰЭК Статистика комитетінде белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Қазақстан халқы санын онлайн режимде көруге мүмкіндік беретін есептеуіш таныстырылды. Комитет төрағасы Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша, есептеуіштегі деректер АХАТ пен көші-қон қызметтерінен түсіп отыратын мәліметтер негізінде ай сайын жаңартылып отырады. Белгілі бір формула бойынша туғандар мен қайтыс болғандар, елге келгендер мен кеткендер санын оп-оңай есептеп шығаруға болады.
“Есептеуіштен жыл басында және дәл қазіргі сәтте халық саны қанша екенін көре аласыздар. Сондай-ақ, демографиялық оқиғалар онлайн-режимде өзгеріп отырады. Мәселен, елімізде әр 81 секунд сайын бір сәби дүниеге келсе, әр 216 секунд сайын бір адам өмірден озады. Әр 1847 секундте елге бір адам келіп, әр 1410 секунд сайын біреуі кетіп жатады. Бұл барша ел халқына пайдасын тигізетін бірегей жүйе”, — деді Айдапкелов брифингте.
Айта кетсек, аталған жүйе “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасы аясында әзірленді. Есептеуішті әзірлеуге мемлекет бюджетінен бір тиын да жұмсалмаған. Жүйе комитет қызметкерлерінің бастамасымен іске қосылды.