Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
15
USD
482
0.00
EUR
532
0.00
RUB
5.07
0.00

Елімізде ақшадан тарыққан келіншектер біреуге бала туып беруді кәсіпке айналдырған

Көбі мұндай әрекетке қаржыдан қысылғандықтан барады екен. Десе де, олардың бәрі құрсақ ана болып, оңай пайдаға кенеле алмайды. Өйткені, елімізде бұл әдіске заңмен рұқсат етілгенімен, қойылатын талап қатаң. Ал дін бойынша құрсақты жалға беруге мүлдем тыйым салынған.

Алматылық Мөлдір – 3 баланың анасы. Алайда оның құрсағынан 5 бірдей шақалақ шыққан. Тек былтыр дүниеге келген егіздерді ол өз перзенті ретінде санамайды. Өйткені оларды басқа отбасыға суррогат әдісімен туып беріпті.

-Жалғыз күйеуім ғана жұмыс істеді. Мен де жұмыс істедім. Жалақы аз. Сол үшін де осындай жағдайға бардым

– дейді Мөлдір.  

ЭКО әдісімен ұрығы Мөлдірдің жатырына салынған ерлі-зайыптылар құрсақ ананы керек-жарақтың бәрімен қамтамасыз еткен. Жатырын жалға берген әйел ай сайынғы төлемнен бөлек, 3 миллион теңге алыпты.

Сөйтсек, елімізде құрсақ ана болуға құштар әйелдер көп екен. Ғаламторда сондай хабарландырудан көз сүрінеді. Мұнда құрсақ ана болғысы келетіндер де, оны іздегендер де жеткілікті.

«Жасым 24-те. Құрсақ ана боламын. Маған шұғыл түрде ақша керек.»

«Менің құрсақ ана болғым келеді. Шартым – Астанадан 2 бөлмелі пәтер.»

Дегенмен, дәрігерлер өз-өзіне жарнама жасағандардың бәрі құрсақ ана бола алмайтынын айтады. Елімізде бұл әдіске рұқсат етілсе де, оның қатаң талаптары бар.

-Жазғандардың бәрі суррогатты ана бола алмайды. Өйткені, денсаулығы көтермеуі мүмкін. Дәрігерлердің тексерісінен өткеннен кейін белгілі болады, – дейді репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова.

Бұған қоса, құрсақ ананың кемі 1 баласы болуы шарт. Күйеуінің рұқсаты да аса маңызды. Әрі мүмкіндік тек 35-жасқа дейінгі әйелдерге ғана беріледі. Бірақ енді өз туыстарына құрсақ ана болғысы келетіндердің жасын ұзарту мәселесі қозғалып жатыр.

Ал діни тұрғыда құрсақты жалға беруге мүлдем тыйым салынған.

Бауыржан Әбдуәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:

-Шариғатымызда бірінші текті сақтауға мән береді. Құрсақ ананың генетикалық сипаттары да кейін сол балаға өтіп кетеді. Сондықтан да, бұл жерде тектің араласуына салдары, себептері бар. Сондықтан, оған шариғатымыз тыйым салады.

Тіпті бұл жағдай дау-дамайға әкеп соғуы мүмкін дейді діндарлар. Мәселен, құрсақ ананың сәбиді беруден айнып қалуы немесе керісінше өз ата-анасы одан бас тартуы ықтимал. Дегенмен, біздің заң бойынша нәресте бірден биологиялық ата-ананың тегін алады. Ал жылына осы әдіспен еліміздегі бір клиниканың өзінде орта есеппен 10 жұп перзент сүйеді екен.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз