Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
3
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Елбасы және Ел мұраты”. Алматыда “Нұр Отан” партиясының ұйымдастыруымен айтыс өтті

202

Ғасырлар қойнауынан қалыбын сақтап, бұзылмай жеткен айтыс өнері, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың өзіндей, көнелердің көзіндей болып отыр. Оны келер ұрпаққа жеткізу біздің замандастарға аманат.

Сонау сексенінші жылдары Өзбекәлі Жәнібеков, Камал Смайылов, Жүрсін Ерман секілді алаш азаматтардың арқасында айтыс қайта тірілді, ел-жұрттың ілтипатына ілікті.

Кешегі Құлмамбет пен Жамбылдың, бүгінгі Әселхан мен Қонысбайдың, Оразалы мен Әзімбектің ізін жалғастырушы ізбасарлары баршылық.

Бұдан 2 жыл бұрын ЮНЕСКО-ға тіркеліп, әлемдік масштабта белгілі бола бастаған төл өнерімізге, қанат қаққан жас өрендер айтулы айтыстарға апаратын алғашқы қадамдарын жасады. Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінің мәжіліс-залы мерекедегідей көркемделіп көз тартып тұр. Ақ көйлек киіп, көк туымыз түстес галстук таққан тәлімгерлердің жүздері жарқын, көңілдері көтеріңкі. Кіре берісте колледждің ұлт-аспаптар оркестрі құйқылжытып күй тартып, қазақтың қанын ойнатып, көңілдерін жайнатып–ақ тұр. Сахнадан Құрманғазының «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Көңіл ашар» күйлері күмбірледі.

Айтысты халық кәсіпшілігі колледжінің директоры Жамангөзов Камал Әмірғалиұлы ашып, қатысушыларға шығармашылық шабыт тіледі. «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы төрағасынының бірінші орынбасары Жамбылов Баймұрат Мұратханұлы халық ауыз әдебиетінде айтыстың алатын орнына ерекше тоқтала келе, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай колледж тәлімгерлері арасында бірінші рет өткізіліп отырған жастарға, жыр алыбы Жамбылдың «Менің пірім – Сүйінбай, жыр айтпаймын сыйынбай» деген өлеңінен үзінді оқып, аталар дәстүріне адал болуға, айтыс арқылы салт-дәстүріміздің сақталуына, рухани жаңғырумызға үлес қосуға шақырды.

Айтысқа, құрамында айтыскер ақын Айбек Бектенқұлов, Республикалық, халықаралық «мүшайралардың» жеңімпазы, ақын Нұртас Тұрған, журналист-ақын Өмірбек Сансызбаев, «Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Тоққожаев Бекежан Бірімжанұлы, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжі директорының орынбасары Боранбаева Рита Сұлтанмұратқызы бар қазылар алқасы төрелік етті. Бірінші болып ортаға Алматы құрылыс және халық кәсіпшілігі коледжінің тәлімгері Қасымжомарт Оразбай мен Алматы энергомеханикалық колледжінің тәлімгері Ақбота Санжар шақырылды. Ойы жақсы болғанмен, ұйқасы байқалмаған Ақботадан, ұйқастандыруға талабы бар, шаппа-шап айтысқа бейімі бар Қасымжомарт жеңіп, келесі жартылай финалға шықты.

Екінші жұп Алматы энеоргомеханикалық колледжі мен Т.Жүргенов атындағы өнер колледжінің тәлімгерлері Ілияс Бағжан мен Ақниет
Ғабдуллина екеуінің айтысында болашақ өнер маманы, орындаушылық шеберлігімен, домбыра тартуымен, өлеңінің ұйқастығымен айқын басым түсті.
Ең қызық та, күтпеген тосын сыйға толы айтыс Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінің тәлімгері Ақтілек Оразбай мен Т.Жүргенов атындағы өнер колледжінің тәлімгері Дастан Орынбайдың айтысы болды. Көрерменді күлкіге қарық қылып, риза етті. Ақтілектің ұйқасы шамалы болғанмен айтары бар, өз колледжін шамасы жеткенше жақсы жағынан жырлауға, Елбасы күніне сай тақырыпты да ала білді. Ал өнер өлкесіне қанат қаққан болашақ актер Дастан атына лайық дастан жазбаса да, сөз саптасымен, қиыннан қиыстыра білген ұйқасымен, орындаушылық шеберлік танытып көрерменнің көзайымына айналды.

Қазылар алқасының әділ шешімімен, жартылай финалға аттары да ұқсас, тілектері мен ниеттері ақ, Ақтілек пен Ақниет шығып, қыз бен жігіт айтысының кішкентай көрінісін көрсетті. Шынын айту керек болашақ мамандықтары дәнекерші мен автомеханик жігіттер өнерге әркімнің де таласы бар екенін дәлелдеп, өз оқу орындарының намысын жібермеуге тырысқандары атап өтуге әбден лайық. Дегенмен де болашақ өнер қайраткері Ақниеттің басымдығы айқындалып, жеңіс бірауыздан берілді.

Қасымжомарт пен Дастанның жыр сайысы да тартымды болып, Дастан бұл жолы да шашасына су жұқтырмады. Финалға бір колледждің
екі бірдей шәкірті шығып, тәп-тәуір өнер көрсетті. 16-ға жаңа толған жасөспірім Дастаннан, өнер колледжінде екінші жыл оқып жатқан Ақниет айқын басымдылықпен лайықты жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді.

Айтыскер ақын Айбек Бектенқұлов үкілі домбыраны қолға алып, жыр жолдарын төгіп-төгіп тастады. Айтыс арасында құрылыс колледжінің өнерлі жастары құлақтан кіріп, бойды алар тәтті ән мен жақсы күй сыйлап, мәдени іс-шараны одан әрі қыздыра түсті. Қазылар алқасының төрағасы ақын Нұртас Тұрған, 3-ші орындарды өзара бөліскен Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік коледжінің тәлімгерлері Ақтілек пен Қасымжомартқа шығармашылық табыс тілеп, Алғыс хат пен сыйлық табыс етті. Екінші орын алған Т.Жүргенов атындағы өнер колледжінің тәлімгері Дастан Орынбай мен осы оқу орнының шәкірті Ақниет Ғабдуллинаға лайықты сый-сияпат көрсетілді.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған айтыс тартымдылығымен ешкімді де жалықтырған жоқ, колледж директоры Камал Әмірғалиұлы бұл жақсы дәстүрлі жалғастыра беруге, келесі жылы тағы да аудандағы басқа колледждерді де қатыстыра отырып өткізуе бейіл екенін білдірді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» осындай кішкентай қадамдардан басталып, ұлы істерге ұласады.
Қазақ барда айтыс бар, ол мәңгі өлмейді, «Мәңгілік ел» тұрғанда. Қадыр ағамыз «нағыз қазақ – қазақ емес, қағыз қазақ домбыра» деп айтып кеткендей, нағыз қазақ айтыс десек те болады.

«Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық
филиалының кеңесшісі Байғали Әбдәліұлы

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз