Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбат жүргізді. Сұхбат барысында Елбасы өзінің жеке басына қатысты сұрақтарға да жауап берді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына, қызметіне және мәртебесіне байланысты көптеген мәселелер айтылып жатыр.
Мен Тұңғыш Президенттің ұстанымын нақтылау үшін Елбасы кеңсесіне бірқатар сұрақтар қойдым және бұл сұрақтарға телефон арқылы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі жауап беруге шешім қабылдады.
Сонымен – Тұңғыш Президентпен эксклюзивті сұхбат:
– 5 маусымда елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Олардың арасында сіздің мәртебеңізге қатысты өзгерістер де бар. Менің ойымша, бұл жаңалықтарға сіздің көзқарасыңыз баршаға қызық. Сіз сайлау учаскесіне барасыз ба?
– Иә, 5 маусымда мен Конституциялық құқығымды пайдаланып, референдумда дауыс беруге қатысамын. Еліміздің негізгі Заңы – қатып қалған құқықтық реликт емес, қазақстандық қоғамның өмірін, ондағы болып жатқан өзгерістерді көрсететін тірі тетік екенін үнемі айтып келемін.
Өзгерістер бұрын да енгізілген.
Тұтастай алғанда, менің ойымша, егер бұл уақыттың шұғыл талабы болса және қоғамның ілгерілеуіне, демократиялық дамуына ықпал етсе әр ұрпақ негізгі заңға өзгерістер енгізуге құқылы. Мені, бәріңіз сияқты болып жатқан жағдайдың бәрі мемлекет пен біздің халқымыздың мүддесі үшін болғаны алаңдатады.
Сондай-ақ артымда халқым мен елім үшін не қалдыратыным әрқашан бәрінен де маңызды болды. 2019 жылы мен саналы қадам жасадым және көпшіліктің қарсылығына қарамастан, өзім мемлекет басшысы қызметінен кеттім. Халықтың қолдауымен кеттім. Мұны 2015 жылғы соңғы президенттік сайлау дәлелдейді, ол кезде мен 97,7 пайыз дауыс алдым.
Иә, менде белгілі бір өкілеттіктер қалды. Бірақ бұл тегіс саяси транзит үшін және қоғам мен билік элитасында болуы мүмкін қайшылықтарды жеңілдету үшін жасалды. Конституцияға сәйкес мен президент ретіндегі өкілеттілігімді Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа тапсырдым. Кейінгі жалпыхалықтық сайлауда ол жеңіске жетті.
Осы жылдар ішінде мен оның еліміздің реформалануы мен одан әрі дамуы жөніндегі іс-әрекеттерін жан-жақты қолдадым. Бұл жолы да қолдау көрсететініме күмәнданбасаңыздар болады.
— Жақында интернетте туыстарыңыз туралы көптеген ақпарат пайда болды. Олардың кейбіреулері заңсыз әрекеттерге – рейдерлікке қатысы бары, заңсыз байығандары туралы айтылады. Бұл туралы не айта аласыз?
— Біз Қазақстанда көп жылдан бері құқықтық мемлекет құрып келеміз. Оның негізгі қағидасы – заң баршаға ортақ.
Туыстарымның бірі заң бұзу үшін менің атымды пайдаланса, олар тиісті жауапқа тартылуы керек. Кінәсі сотта дәлелденуі қажет.
Рахат Әлиевпен болған оқиға көпшіліктің есінде деп ойлаймын. Ол менің ұлым сияқты болды, немерелерімнің әкесі болды. Бірақ мұның бәрі мемлекеттің оның заңсыз әрекеттеріне көз жұмуына негіз болған жоқ. Ол қазақстандық сот төрелігімен сотталды, бірақ жасырынып үлгерді және өмір бойы жасырынып жүрді.
Менің президенттігім жылдарында халқымыз үлкен жұмыс атқарды. Кейбіреулер мұны ұмытып кетіп жатыр. Халықтың дана екеніне және бәрін есте сақтайтынына сенімдімін.
Қазақстан саяси да, экономикалық та халықаралық процестердің толыққанды қатысушысына айналды. Тәуелсіздік жылдары елімізге 360 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) деректері бойынша Қазақстанның ЖІӨ 1993 жылғы 5,15 млрд доллардан 2020 жылы 164,79 млрд долларға дейін 32 есе өсті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 28 есе — 1993 жылғы 304,85 доллардан 2020 жылы 8,7 мыңға дейін өсті.
Қазақстан экономикасының көлемі барлық Орта Азия елдерінің экономикасынан екі есе көп. Біз өңірдің танымал экономикалық көшбасшысымыз. Есіңізге түсіріңізші: біз 1991 жылы неден бастадық және бүгін неге қол жеткіздік — жер мен көктей. Біз тәуелсіздігімізді нығайттық. Біз барлық көршілермен шекараны анықтадық және қазіргі уақытта бізге қатысты кез-келген аумақтық шағымдар толығымен алынып тасталды.
Тәуелсіз болу үшін мемлекет әлем мойындаған шекараларға, өзінің соғысқа қабілетті армиясына, ұлттық валютасына, халықаралық мойындауға ие болуы керек. Мұның бәрі бізде болған жоқ. Бұл менің президенттігім жылдарында және менің басшылығыммен қол жеткізілді.
— Бүгінде Назарбаев Университетінің, сондай-ақ оған жетекшілік ететін Қордың қызметі белсенді сыналып жатыр. Қор білім беру мәселелерімен ғана емес, сонымен қатар елдің жекелеген қаржы институттарымен байланысты инвестициялық қызметпен де айналысатынын атап өтті. Бұл ұйымдардағы сіздің рөліңіз қандай?
— 2011 жылы “Назарбаев университеті”, “Назарбаев зияткерлік мектептері” және “Назарбаев қоры” мәртебесі туралы Заңға қол қойдым. Онда қор тек Назарбаев университеті мен зияткерлік мектептердің қызметін қаржыландыру үшін құрылған коммерциялық емес ұйым екені анық көрсетілген.
Әлемдегі көптеген университеттерде эндаумент қорлары бар. Біздің қор да соларға ұқсайды. 2000 жылы құрылған Нұрсұлтан Назарбаев қорының да бар екенін атап өткім келеді. Бұл қор тек білім берумен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, мәдени, халықаралық және қайырымдылық шаралармен де айналысады. Солардың ішінде менің бастамаларым – “Astana Club”, “Қамқорлық”, “Ел үміті”.
Мәселен, “Қамқорлық” бағыты аясында республика өңірлерінде жыл сайын 5 мыңға жуық туа біткен кемістігі, тірек-қимыл аппаратының, жүйке жүйесі аурулары бар балаларға көмек көрсете алатын 8 оңалту орталығы ашылды. Сондай-ақ, инклюзивті білім беруді қолдау мақсатында жалпы білім беретін мектептерде 16 бейіндік кабинет ашылды.
“Ел үміті” бастамасы аясында бірқатар білім беру жобасы жүзеге асырылуда, мақсаты – талантты жас қазақстандықтарды табу және қолдау. Қор сонымен қатар қазіргі әлемнің өңірлік және жаһандық сын-қатерлерін талқылайтын сарапшылық алаңға айналған Әлемдік экономика және саясат институтын (IMEP) және Мемлекеттік тілді дамыту қорын басқарады. Сонымен бірге қор жанынан цифрлық инновацияларды қолдау үшін IT кеңесі құрылды. Оның мақсаты – қазақстандық жастарға өздерінің IT-жобаларын ашуға және әлемдік нарыққа шығуға көмектесу.
Пандемия кезінде қордың қолдауымен миллиондаған қазақстандыққа елеулі көмек көрсетілгенін де атап өткім келеді. Бұл екі қор тәуелсіз және бір-бірімен байланысы жоқ коммерциялық емес ұйымдар ретінде жұмыс істейді.
Сұрағыңыздың бірінші бөлігіне қайта оралсақ, “Назарбаев Университетін” құру жоғары білім берудің жаңа стандартын қалыптастыру үшін менің бастамам болғанын атап өткім келеді. Бүгінде ол Қазақстанның ғана емес, Азияның жетекші университетіне айналды. Бұл мақтануға тұрарлық нәрсе.
Джон Кеннеди: “Бізге бұрын болмаған нәрселерді армандай алатын адамдар керек” деген. Мен өз атымды беруге рұқсат берген бұл оқу орнының мақсаты – осындай тұлғаларды тәрбиелеу. Университет болашақ көшбасшылар мен жоғары білікті мамандарды дайындайды.
Бүгінгі таңда университет түлектерінің 92 пайыздан астамы Қазақстанда еңбек етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Осы жылдар ішінде 7 мыңнан астам адам университет түлегі атанды. Университетке түсу кезінде қатаң конкурстық іріктеу жүргізіледі. Университеттің өзінде жемқорлық жоқ. Университет өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап өткім келеді, сондықтан біз осы тиімді білім беру моделінің тетіктерін қабылдап, еліміздің басқа университеттерінде қолдануға тырысуымыз керек.
Бұл процесс қазірдің өзінде жүріп жатыр. “Назарбаев университетінің” қаржысын басқарумен, оның инвестициялық қызметімен, соның ішінде еліміздің жекелеген қаржы институттарына қатысты қызметпен университеттің Қамқоршылық кеңесі айналысты. Кеңес төрағасы болып сол кезде премьер-министр болған Кәрім Мәсімов келді. Осылайша, оның құзыретіне университеттің де, сонымен қатар тиісті құрылымдардың да, оның ішінде жекелеген қаржылық ұйымдардың да қаржылық қызметі кірді.
Қазір Кәрім Мәсімовтің үстінен тергеу жүріп жатыр, оның жұмысының бұл саласын құқық қорғау органдары қадағалайды деп ойлаймын.
– Әрине, бұл сұхбатта біз қаңтардағы оқиғаларды айналып өте алмаймыз. Сіздің ойыңызша, не жағдай болды?
– Қаңтар оқиғасы бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл ұйымдасқан тәртіпсіздіктер мен Қазақстанға жасалған шабуылдардың мақсаты – елге бейберекеттік себу, мемлекеттің тұтастығын бұзу болды. Болған қайғылы жағдай бәріміз үшін үлкен сабақ болды. Бұл оқиғаның артында кімнің тұрғанын анықтау керек. Тергеу кезінде бұл сұраққа жауап табылатынына сенімдімін
Мен үшін сол сәтте түрлі қауесеттерге жауап беруден гөрі, президентке қолдау көрсету маңызды болды. Оған еліміздің Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы өкілеттігін толық тапсырдым. Президентің батыл қадамдарының арқасында жағдай одан әрі ушықпады.
– Елдегі барлық саяси реформалар мен өзгерістерден кейін сіз немен айналысасыз, алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Жалпы саясаткердің отставкаға кеткеннен кейін немен айналысатыны маңызды емес деп санаймын. Саясаткерлер келеді, кетеді, ал халық пен ел қалады. Бұдан гөрі еліміздің одан әрі қалай дамитыны және алдымызда қандай өзгерістер күтіп тұрғаны маңыздырақ.
Менің отставкамнан кейін кезінде бірге істеген көптеген мемлекеттің лидері маған хабарласып, өз елдеріне қонаққа шақырды. Мен олардың бәріне ризамын. Кейбірімен әлі күнге дейін байланысымыз үзілген жоқ.
Менің президенттігім кезінде біз барлық жақын көршілерімізбен, Батыс әлемі елдерімен сенімді қарым-қатынас орнаттық. Бізді халықаралық саяси аренада құрметтейді және бізде кез-келген жанжал жағдайлары үшін ешқандай алғышарттар жоқ. Қазақстандықтар шетелге демалысқа немесе іскерлік сапарларға еркін шығады. Олар әрқашан құрметтеледі. Қазақстандықтар шетелде жұмыс іздеуге бармайды.
Менің тікелей қатысуыммен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ, түркі мемлекеттерінің ұйымы мені осы ұйымдардың құрметті төрағасы етіп сайлады. Менің қорымның жұмысы да назар аударуды талап етеді. Жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелеріне де уақыт бөлуді жалғастырамын. Менің Жарлығыммен Семейдегі полигон жабылғаннан кейін Қазақстан ядролық қарусызданудың көшбасшысы болып танылды, ал біз ядролық арсеналдан бас тарттық.
Бұған қоса өз өмірім мен қызметім жайлы естеліктермен жұмыс істеп жатырмын. Бүгінде менің ойым да, тілегім де – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуі жайлы. Біздің ұрпағымыз бізден де көп іс тындырғанын қалаймын. Оларға шын жүректен бұл істе табыс тілеймін.