Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылтайында кәсіпкерлерден ақыл сұрады – премьер-министр Ұлттық қор мен зейнетақы қорындағы қаражатты қалай жұмсау керек екенін білмейді екен. Ел игілігі үшін қыруар қаржыны қалай пайдаланарын білмей жүрген Үкімет басшысына еліміздің білікті экономистері ақыл айтыпты.
Кәрім Мәсімовтің айтуынша, Ұлттық қор – үкіметтің мүлкі емес, болашақ ұрпақтарға арналған ел азаматтарының барлығына тиесілі ортақ игілік. Сондықтан ол Ұлттық қордағы қаржыны халықпен, білікті маман-сарапшылармен ақылдасып пайдалану керек деген пікірде. Ұзын сөздің қысқасы, Кәрім Қажымқанұлы азаматтар тарапынан тың ұсыныстар болса, тыңдап, жүзеге асыруға құлықты екенін танытып отыр. Бұған, әрине, „бәрекелді„ дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Меруерт Махмұдова
Сондықтан да еліміздің білікті экономистеріне «Ұлттық және зейнетақы қорындағы ақшаны қалай жұмсаған жөн?», – деген сұрақты жолдадық.
Мәселен, белгілі экономист Меруерт Махмұдованың айтуынша,
биыл Ұлттық қорға түскен ақша 2013 жылмен салыстырғанда, 4 есе аз болып отыр. Жағдай осылай кете берсе, алдағы 1-2 жылда Ұлттық қордағы қаржыны бітіріп тастауымыз мүмкін.
– Ұлттық қордағы қаржыны кәсіпкерлерге беріп, оны жинай алмай қалмауымыз үшін аталған ақшаны білім және денсаулық сақтау саласына жұмсау керек. Өйткені, біз азаматтардың денсаулығын жақсартып, білімін арттыруға көңіл бөлсек, кез-келген кедергіні жеңіп шығамыз. Күні кеше Ақтөбеде болған қанды қырғын баршамызды алаңдатты. Егер жастарымыздың денсаулығы мықты әрі білімі болса, Ақтөбедегідей теракт болмас еді. Сондықтан Ұлттық қордағы ақшаны қайда жұмсаймыз дегенде, ең алдымын, осы екі салаға ерекше көңіл бөлген жөн. Себебі, сапалы білім алған бала жұмыссыз қалмай, өз болашағын өзі жасауға талпынады, – дейді Меруерт Махмұдова
Сондай-ақ экономист зейнетақы қорындағы ақшаны зейнетке шыққаннан кейін алатынымызға сенім жоқ екенін айтады. Сондықтан да ол аталған қордағы ақшаның кәсіпкерлікті қолдауға жұмсалуына қарсы болып отыр.
Жангелді Шымшықов
Алайда Меруерт Махмұдованың әріптесі, Жангелді Шымшықов зейнетақы қорындағы ақшаның кәсіпкерлікке берілуіне қарсы емес. Әйтсе де ол қордағы қаржы бірқатар шарттар бойынша берілуі керек екенін ескертіп отыр. Мәселен, өткен жылы елімізде инфляция деңгейі 13 пайыз болған. Егер кәсіпкер қордан 100 миллион теңге алса, инфляцияға байланысты оны 130 миллион теңге қылып қайтаруға міндеттелуі керек.
– Қордағы қаражат өзінің құнын сақтап, өсім беру үшін инвестициялдық салым ретінде қолданылуға тиісті деген негізгі шарт болуы керек. Біріншіден, берілген қаржының тәуекелі төмен болуы қажет. Егер өзін-өзі ақтамайтын қауіпті жобаларға ақша берілетін болса, онда ертең оның қайтарылуы қиын болады. Екіншіден, қордан ақша алған адам қаржыны қайтарамын деп кепілдік беруі керек. Мәселен, ең бірінші, қордан алынған ақшаның алғашқы құны сақталуға тиісті. Сондай-ақ инфляция бола қалған жағдайда құнсызданған қаржының орны толуы керек.
Ұзын сөздің қысқасы, берілген қаржы орта дәрежеде пайда, тіпті, дивиденд немесе рента түсіруге міндетті,
– дейді Жангелді Шымшықов.