Петропавлдағы мектептердің бірі елімізде алғаш болып, геотермалды энергетикаға көшті.
Инновациялық технологияны енгізген білім ошағы бүгінгі күні жылудың игілігін жерден көріп отыр. Аталған мектепке биыл үш бірдей геотермалды жылыту сорғысы орнатылды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 36 миллион теңге қаржы бөлінді. Құрылғы 100 метр тереңдіктен су сорып алып, арнайы бойлерге жөнелтеді. Бұдан кейін 65 градусқа дейін ысып, жылыту жүйесіне тарайды. Ал салқын су болса, екінші құбырмен қайтадан жер астына жіберіледі.
Бұл – экологиялық таза жылыту жүйесі. Оның үстіне экономикалық тұрғыдан да тиімді.
Болашақта өңірде мұндай жылыту сорғыларын басқа да бірнеше білім ошағына орнату жоспарланып отыр.
– Біздің мектеп 25 жыл бойы электр қазандық арқылы жылытылып келді. Ол үшін ай сайын шамамен 600 мың теңге төлеп келдік. Енді шығын 3-4 есеге азаяды. Оның үстіне құрылғы автоматты түрде жұмыс жасайды. Қыс мезгілі алты ай бойына созылатын солтүстік өңір үшін бұл жүйе өте тиімді, – дейді мектеп директоры Бауыржан Жүнісов.