Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
0
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Экоқала қосымшасын жасаған ІТ компания: Қоқыс полигонына айналуды тоқтату қажет

371

Бірақ бұл аздық етіп, осы бағыттағы жобаларды дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. Сондықтан Қазақстан «жасыл эко­но­микаға» көшу жөніндегі тұ­жы­рымдамасына сәй­кес, 2050 жылға қарай қатты тұрмыс­тық қалдықтарды 50 пайызға дейін өңдеу­ге қол жеткізу туралы алдына айқын мақсат қойып отыр. Бұл көрсеткішке жету мемлекет, бизнес пен қоғам бірік­пе­се, нәтижесі неғайбыл.
Сондықтан 2017 жылы Астанада өткен ЭКСПО-да осы үш бағытты танытатын адамдар бас қосып, өз жұмыстарын шетелден келген қонақтарға таныстырды. Экологияға қатысты еліміздің заң шығарушы органы – ҚР Парламенті де бірнеше ауқымды заң жобаларын қабылдады. Қазақстан да өз кезегінде экологиялық ахуалды сақтау тұрғысында түрлі халықаралық келісімшартқа отырды. Соның ішіндегі ең маңыздысы – Париж келісімі.

Осылайша 2017 жылдан бастап Қазақстанда қоқысты сұрыптап жинау қолға алынды. 2019 жылдан бастап қайта өндіруге сұрыпталмаған қоқысты көмуге тыйым салынатын болды. Оның орнына Астанада, Маңғыстауда, Алматыда және Өскеменде қоқысты қайта өңдейтін зауыттар салу жоспарланып, басының құрылысы басталып та кеткен. Ал әзірге бұл міндетті шағын компаниялар атқарып, қоршаған ортаға зиянды азайтуға барынша тырысып жатыр.

Мысалы, соның бірі – алматылық ІТ компания. Бұл ІТ компанияның қызметкері Айгүл Мүсілімова экологиялық  шаралардың басы-қасында жүрген қайырымды жан.

Алғашында ол ұжымымен макалатура жинап, түрлі экологиялық сауат ашу акцияларына қатысып жүрді. Мәселенің тереңіне бойлай түскен сайын бұл компания осы бағытқа интеллектуальдық тұрғыда өз үлестерін қосу керектігіне көз жеткізген. Сөйтіп олар экоқала моделі қосымшасын жасауды ойға алады.

Міне, осылайша Қазақстанның барлық қаласы бойынша қайта өңдеуге болатын қоқыстарды қабылдайтын орындарды анықтап, оның тізімін жасаған олар арнайы картасы бар ақпараттық алаң құрды. Оны ұялы телефонға бекітті. Сөйтіп олар қарапайым қазақстандық үшін қоқысты сұрыптауға, оны бөлек-бөлек өткізу арқылы ақша табуға, тіпті дайындаған қоқысын қай жерге өткізуге болатынын ұялы телефондағы карта арқылы жеткізіп, насихат та жасады.

Өз идеяларын қалай жүзеге асырғандарын айтқан ІТ компанияның операциялық менеджері Мәлік Мамырханов бұл қосымшаны еліміздегі бірегей жоба екенін нақтылады.

– Қазақстанның солтүстік өңірінде, яғни Көкшетау, Қостанай, Петропавл қалаларында қалдықтарды сұрыптап жинау, оны қабылдап, қайта өңдеу ісі өте жақсы дамыған. Алматы мен оңтүстік өңірлермен салыстырмалы түрде алып қарағанда. Бірақ олар өз компанияларын әлеуметтік желіде жарнамаламайды екен. Бұл дұрыс емес, әрине. Өйткені бүгіндері, біздіңше, әлеуметтік желілер өте күшті маркетингтік құрал боп табылады.

Біздің ұжымымыз, жалпы әртүрлі экологиялық шараларға ұдайы қатысып келеді. Мысалы, 2017 жылдың қараша және желтоқсан айларында Алматы қаласында су өндіретін компания өткізген акцияға қатысып, жеңімпаз атандық. Пластик жинау бойынша болды ол. Ал биыл мамыр айына таман Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс паркінде жас табиғатты зерттеушілер стансасы «Қызғалдақтар» фестивалін өткізді.

Біз осы фестивальді пайдаланып, экожәрмеңке өткізіп жібердік. Ондағы мақсат – қазақстандықтардың экологиялық сауатын ашып, қоршаған ортаны ластамау қаншалықты маңызды екенін жеткізу. Оның үстіне бүгіндері дүниеге келіп жатқан тың жобалардан халықты құлағдар етіп отыру да аса маңызды, – дейді ол.

Айтищиктер дайындаған бұл қосымшаны қолдану өте оңай. Қосымшаны әзірлеушілер ондағы ақпараттың өзектілігін үнемі тексеріп отырады. Сонымен қатар пайдалы ақпараттармен дер кезінде толықтырады. Мысалы, осы қосымша арқылы өнімнің таңбалануына қарай қосымша мәліметтерді тауып алуға болады. Яғни, қаптамадағы пластик немесе қағаз маркасына қарай тауардың қай материалдан жасалғанын біліп, қалаңыздағы қандай кәсіпорын оны қайта өңдей алатынын анықтай аласыз.

Михаил Беляков, ІТ компанияның жоба менеджері:

– Бұл қосымша арқылы сіз өзіңіздің пайдалы істеріңіздің статистикасын қарай аласыз. Мәселен, қанша ағашты немесе қанша энергияны сақтап қалдыңыз дегендей. Немесе қанша қоқыс тапсырғаныңыз жөнінде де мәлімет ала аласыз.
Ұялы телефондағы қосымшаның мәзіріне кірсеңіз, картадан қоқыс қабылдайтын орындардың мекен-жайын көре аласыз. Автоматты түрде Сіздің локацияңыз анықталады.

Бұл қосымшаға кірсеңіз, бірден шеңберлер пайда болады. Бұл – қоқысты қабылдау нүктелері. Оның үстінен бассаңыз, қоқыс қабылдау пункті туралы кең мағлұмат алуға болады. Кәсіпорын атауы, телефоны, мекен-жайы дегендей.

Қосымшаның ішінде үш тарау бар: қайта өңдеу, зиянды қалдықтарды жою және қайырымдылық. Біріншісінде, қайта өңдеуге апарған, яғни макалатура, пластик, тетрапакет сынды өткізген шикізатыңыз үшін сізге олар ақы төлейді. Екіншісінде, мәселен батарей немесе электр жарығын үнемдейтін лампы секілді қатты зиянды заттар бар. Оны олар қабылдап, кейін уы топыраққа тарамас үшін бетондалған жерге көмеді. Үшіншісінде, қажетсіз заттар, кітаптар, бұзылмаған тамақ әкеп өткізуіңізге болады. Мысалы, бұзылмаған тамақты далада қалған жануарларды асырап алушы пункттер қабылдайды.
Жоба авторлары Қазақстанда пластика, макалатура, электронды бұйымдар, көліктің ескі доңғалақтары, тіпті капрон шұлықтарын да өткізуге болатынын айтады.

Міне, бұл еліміздің алған даму бағыты – жасыл экономикаға айтищниктердің қосқан үлесінің бірі. Олар уағыздаған қоқысты қабылдау пункттерінің біріне де тоқтала кетелік.

Жерімізді қоқыс полигонына айналдыруды тоқтату қажет. Керісінше, қалдықтарды қайта өңдеп, оларға екінші өмір беру керек. Бұл – Алматыдағы электронды қалдықтарды қабылдайтын орынның девизі.

Азамат Омаров, Алматыдағы электронды қалдықтарды қабылдайтын кәсіпорынның директоры:

– Біз электронды қалдықтарды қабылдап, оны жоюмен айналысамыз. Мысалы, бұзылған электронды техникалар, тоңазытқыш, компьютер, кір жуғыштарды қабылдап, оны қолмен шағып, жіліктеп, сұрыптаймыз. Шүріптерін бір бөлек, одан алынған металдарды бір бөлек, мысын, алюминиін, пластигін бір бөлек жинаймыз. Сөйтіп оларды бөлек-бөлек дәу қаптарға жинап, оны қайта өңдейтін зауыттарға жібереміз. Шамамен бір-бір жарым айда бір жүк көлігімен қоқыс шығарамыз. Ал бір жүк көлігіне 20 шақты дәу қап сыйып кетеді. Бір қаптың салмағы 700-800 келі боп қалады.

Бізде мыс кабельдерді өңдейтін станок бар, яғни кабельден мысты аршып алады. Істен шыққан кабелдерді алып, оны аршимыз осы станокпен. Мысты мыс өдейтін зауытқа жөнелтеміз.

Бұл кәсіпорынға электронды қалдықтарды жинауға Е-waste Kazakhstanәлеуметтік ұйымы көмектеседі. Әлеуметтік ұйым еліміздің әр жерінде тренингтер өткізіп, бізде электронды қалдықтарды өткізу пункті барын, ондай заттарды апарып өткізу қоршаған орта үшін маңызды екенін уағыздайды.

Жалпы, осы саламен айналысып, бизнеске айналдырамын деген кәсіпкерлерге бағыт сілтейтін «KazWaste» (http://www.kaz-waste.kz/kaz/) қалдықтарды басқару бойынша қауымдастығы барын айта кетелік. Бұл ұйым 2013 жылы кәсіпорындарға, мемлекет органдарына, жұртшылыққа қалдықтарды басқару саласындағы қызметті жүзеге асыру барысында туындап отыратын мәселелерді шешу ісінде көмек көрсету мақсатында құрылған. Қауымдастықтың құрамына жасыл экономиканы қолдайтын жеке кәсіпкерлер мен 30-дан астам ұйымдар кірген. Қалдықтар саласындағы мәселелерді инновациялық технологияларды қатыстырумен, халықаралық стандарттарды ұстанумен кәсіби тұрғыдан шешуге бағытталған. Қауымдастық жұмысы өнеркәсіптік кәсіпорындардың, мемлекет пен халықтың мүддесін қорғауға ықпалын тигізеді.

Қауымдастық құрамында тозығы жеткен көлік шиналарын қайта өңдейтін 6 компания («Inter Rubber Recycling», «Soltustik Rubber Recycling», «Kazakhstan Rubber Recycling», «ЭКО Шина», «КазКаучук», «Ж.Құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері), пластик қалдықтарын пайдаға асыру және қайта өңдеу бойынша “Soyuz Plast” компаниясы,  электр құрылғыларын өңдейтін 2 компания (“ALEKS-ASU”, «ПромТехноРесурсKZ»), медициналық қалдықтарын қайта өңдеу бойынша екі компания, қалдықтарды кешенді басқару бойынша 10 компания, қалдықтардан қағаз өнімдерін шығаратын  1 компания («Kagazy Recycling»), өңдірістен шыққан қауіпті қалдықтарды жою бойынша 1 компания жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында өңірлердің басшыларына шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу шараларын қабылдауды міндеттегенін де баса айта кетелік.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз