Ұлттық банк Ұлттық қордан 1 млрд доллар алып, оны биржаға шығарып саудаламақшы деген хабарды естіген сарапшылар тосырқап қалды. Көбісі, бұл инвесторлар үшін күтпеген жайт болды десті.
Сарапшылар “қымбат долларға сүйеніп, есеп түзегендер қатты ұтылады”, дейді.
Айта кетелік, осы аптада ҚР Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық қордан 1 млрд долларды алып, оны ақша нарығына шығарып,жыл соңына дейін сатулары мүмкін екенін айтқан. Ақышев бұл әрекеттерін бюджетке теңге керек болып жатқандығымен түсіндірген еді.
Тәуелсіз сарапшы Александр Юрин Ұлттық банктің долларды теңгеге айналдырып жатқанына емес, осы ісін жария жүргізіп жатқанына таң-тамаша екенін айтады.
– Әдеттегі жағдай ғой бұл. Бюджет трансфертін толтыру үшін Ұлттық банк жылда өстиді. Негізінен, Ұлттық банк Ұлттық қор, алтын-валюта қоры және ақша нарығындағы шетелдік валюталардың қозғалысын жария қылмайды, оның біреудің білгенін қаламайды. Өйткені мұндайда үлкен дүрбелең туып кететінін олар жақсы біледі. Ал бұл жолы оларға не болып қалды? Қызық, әрине.
Қалай дегенмен де Ұлттық қор 1 млрд долларды бірден сата алмайды. Әрине, теңге нығая түседі, – дейді ол деп жазды LS басылымы.
Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сараптама орталығының басқарушы директоры Павел Афанасьев мұндай қомақты ақшаның конвертациясы көп уақытты алатынын айтады.
– Қазақстан қор биржасында, орташа есеппен, күніне 134 млн доллар саудаланады. Егер Ұлттық банк 1 млрд долларды бірден саудаға шығарды десек, онда бұл, кем дегенде, 7,5 күнді алады. Бірақ ондайда қатты ревальвация болады, яғни, теңге бірден күшейіп кетеді. Сондықтан бұл процесс жылдың соңына дейін созылуы мүмкін. Дегенмен жыл соңына дейін шамамен 54 сауда-саттық күні бар, демек, күніне, шамамен, 18,5 млн долларды сатуға мүмкіндік туады. Бұл – өте қомақты көлем.
Негізінен, ақша нарығындағылар жыл соңына дейін 1 доллардың құны 344,5 теңге болады деп болжап, соған сеніп, есеп түзеді. Енді, осы есепті қайта қарауға тура келіп тұрған секілді.
Өйткені мұнай қайтадан қымбаттай бастады, Ұлттық банк базалық сыйақы мөлшерлемесін өзгеріссіз қалдырды, енді, міне, Ұлттық қордан 1 млрд долларды шығармақшы. Мұның бәрі доллардың арзандап, теңгенің күш алуына әкелері сөзсіз, – дейді ол.
Ал “Финам” компаниясының сарапшылар тобының басшысы Сергей Дроздов Ұлттық банк теңгені қолдау үшін осындай әрекетке барып отыр деп, санайды.
“Мұндай жағдайда жыл соңына дейін 1 доллардың құны 320-325 теңгеге дейін түседі„
– дейді ол.
Айта кетелік, 12-қазандағы мәлімет бойынша, 1 АҚШ долларының ұлттық валютаға шаққандағы орташа бағамы 334,25 теңге болды. Осыдан бір апта бұрын ақша айырбас орындарында 1 доллардың құны 347 теңгеге дейін барған болатын.