Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады.Өмір бойы тағдыр тауқыметін тартып, қартайғанда арманы орындалған қарияны қоныс тойымен Бас Муфтидің өзі келіп құттықтады, деп хабарлайды КТК.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Галина Рогоза тағдырдың тауқыметін көп көрген жан. Асыраушысынан ерте айырылған кейуананың жалғыз қызы жаман ауруға душар болды. Немере қызынан көрген үш шөбересі бар, барлығы мына бір апатты үйде өлместің күнін кешкен. Бірақ қанша қиналса да қария бір Алладан үмітін үзген емес.
Бүгін Галина әжейдің әулетінде үлкен той. Су жаңа баспанаға құтты болсын айтып, шашу шашып келіп жатқандардың қарасы көп. Оларға арнайы дастархан да жайылған. Ауылда Мәриям апа атанып кеткен қарияны құттықтауға тіпті бас мүфтидің өзі арнайы келді.
“Біздің мүмкіншілігіміз шектеулі. Бірақ әйтседе теңізге құйған тамшыдай болса да көмек көрсетейік. Қолымыздан келген нәрсені жасайық деген нәрсені ұйымдастырып отырмыз. Болашақта асыраушысы жоқ осындай азаматтарға үй салып беруді жалғастыра береміз”, – дейді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Діни Басқарма жанындағы «Зекет» қорынан бөлінген қаражатқа Мәриям апаға үйді төрт-ақ айда салып берген. Үш бөлмелі баспананы тұрғызуға 6 миллион теңге кетіпті.