Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
17
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Дінді желеу етіп балаларына екпе салдырудан бас тартқандарға айыппұл салынбақ

Елімізде балаларына екпе жасатудан бас тартатындардың саны күрт өсіп отыр. Шет қалудың бір себебі – діни көзқарас. Жүзін жасырған мына келіншек, баласына бірде-бір екпе жасатпаған. Жасатпаймын да дейді.

“Екпені не үшін істейміз, түсінбеймін. Ол ешқандай кепілдік бермейді ғой. Керісінше аурудың себебі болуы мүмкін. Оның үстіне вакцина спирттан жасалады. Бәрі құдайдың қолында”, – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Фарида Нұрдәулетова.

Маңғыстау облысы екпеден бас тартқан өңірлердің үштігінде. Ондай 1016 ата-ананың алты жүзі вакцинаның төмен сапасы немесе басқа да себептерді алға тартса, 411 ананың екпе сеніміне қайшы. Бұндайлардың дінін дұрыстай алмаған шенеуніктер, енді олармен айыппұл салып күреспек.

“Заңмен бекітілген міндетті екпелер бар. Оларды ата-аналар баланы туған күннен жасатулары тиіс. Ал олай болмаған күнде, балалары балабақшаға қабылданбайды. Кейін мектепке де бара алмайды”, – дейді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің басқарма басшысы Айнұр Шығырова.

Дәрігерден тізім алған шенділер, ұстанымынан айнымаған ата-аналарға заңды көрсетіп, 22 мыңнан айыппұл салмақ.

“Ол топтардың өкілдері белгілі. Бірақ оны дәрігерлердің өздері біледі. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бұл мәселе көтеріліп жатыр”, – дейді Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының директоры Айдар Әбуов.

Бір қызығы діннен бөлек себеп айтқандарға еш жаза жоқ. Қарағандылық Ирина Смолина мәжбүрлесең мекен ауыстыруға дайынмын дейді.

“Дәрігерлер, екпенің арқасында бала ауруды жеңіл көтеруі мүмкін дейді. Мүмкін, бірақ кепіл жоқ. Иммунитет жақсы болса, бала екпесіз-ақ жеңіл көтереді. Егер мені мәжбүрлейтін болса, елден кетемін”, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Ирина Смолина.

Дәрігерлерге сенімсіздік танытудың бір себебі, өткен жылы Маңғыстау облысында болған оқиға. Қызылшадан екпе алған жүздеген бүлдіршіннің сіңірі тартылып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Осыдан кейін екпеден бас тартқан ата-аналардың саны биыл 14 пайызға артып, он мыңға жетіпті. Ал Дін істері министрлігінің көтерген бастамасы, денсаулықтан гөрі, дінді түзеуге көбірек бағытталса керек.

Діни радикализммен айыппұл салып күресуге рұқсат беретін заң жобасы қазір қызу талқыланып жатыр. Дін істері министрлігі оны қазан айында Мәжіліске алып келмек. Тіпті шенеуніктер құжатты жыл соңына дейін бекітіп алуға бекініп отыр. Бірақ қазірдің өзінде түрлі түсінбестік туғызған бастаманың әлі пісіп жетілмеген тұсы көп.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз