ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады.
«Бүгінгі таңда Құрбан айт мейрамын тойлаудың ұлттық ерекшеліктерімізге сай форматы қалыптасып, осынау қастерлі мереке Қазақстан халқының бірлігін, конфессиялар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етіп келеді», – делінген министрдің құттықтауында.
«Жағдайы жеткендердің құрбан шалып, оның етін тұрмысы төмендерге таратуы халқымыз арасында ауызбіршілік пен татулықтың, адамдардың әлеуметтік жағдайына қарамастан бір-бірлерімен құшақ жая араласуына мүмкіндік туғызады. Құрбан Айт күндерінде адамдар бір-бірін құттықтап, бір-бірінің үйінен дастарқаннан дәм татады, бұл күні әдетте мұсылманның үйінде дастарқан жайылады», – деді министр.
Оның айтуынша адам баласының өмірін тек материалды игіліктер ғана құрамайды, яғни бақытқа жетуде рухани негіздердің маңызды орны бар.
«Дәстүрлі дініміздің жасампаз әлеуеті рухани-өнегелік құндылықтарды дамытуға және отансүйгіштік рухына негізделе отырып, қоғамдағы татулық пен конфессияаралық келісімді өркендетуге одан әрі қызмет ете береді деп сенемін. Бүгінгі Құрбан айт мерекесі рухани серпілісімізге себепкер болып, әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін. Барша қазақстандықтарға зор денсаулық, береке, бақыт және мол табыс тілеймін! Айт қабыл болсын!», – деді Нұрлан Ермекбаев.