Димаш Құдайбергенді қазақстандықтар елімізде өтіп жатқан халықаралық шара – ЕХРО-2017 көрмесінің ашылу салтанатынан көріп қаламыз деп қатты үміттенген еді.
Алайда ол онда болмады. Бұл кезде Димаш Құдайберген Қытайдың Шэньжен қаласындағы ең үлкен стадионда концерт өткізіп жатты. Қалай дегенмен де үлкен сахнадан көрінуді мақсат еткен Димаштың арманы орындалды. Оны қазір әлемнің кез келген жері құшақ жая қарсы алуға дайын, ал Шэньжен қаласындағы стадион толы көрермен “Димаши” деп шулағанда бұл дауыс көкке жетіп жатты.
Жарқылдаған жарықтан көз шағылысып, фанаттардың шексіз құрметінен мұнда аяқ алып жүру мүмкін емес. Міне, танымалдылық деген осы. Димашты қолқалаған өнер сүйер қауым қазір оның аяғын жерге тигізбей тұр.
https://kaz.365info.kz/kozdin-kharashygyndaj-sakhtanyzdar-singer-zhobasyndagy-basekelesi-dimash-turaly-oz-ojyn-ajtty-video-266228
Иә, ЕХРО көрмесі аясында өтетін әлемдік деңгейдегі жұлдыздар концертінің бірі Димаштікі болмақ. Ол “Бастау” деп аталады.
Концерт маусым айының 27-не белгіленген.
Айта кетелік, Димаш Қытайдағы “Мен әншімін” халықаралық тележобасына қатысып, ерекше дауысымен , ерен музыкалық қабілетімен әлемге танылды. Осы жоба келісімшарты бойынша, ол қазір Қытайды аралап, өнер көрсетуде. Айтқандай, кеше Димашты құшақ жая қарсы алған Қытай қаласы – Шэньженде оған көктемде – сәуір айында Халықаралық деңгейдегі танымал әнші атағы табысталған еді.