Димаш бүкіл әлем үшін таңғажайып құбылыс болды. Өйткені оның әнін бір рет тыңдаған адам оған жан-тәнімен берілген адал көрерменге айналып шыға келеді. Бұл біреулерді қуантса, тағы біреулердің ішіне шоқ боп түсіп, қатты қынжылтады.
Әрине, ол әлемдегі ерекше дауыс иесі, тума талантымен қоса өте жоғары музыкалық білімі мен қабілетінің де ерендігі бар. Дегенмен оның әнмен беретін эмоциясы бір бөлек дүние. Маман емеспіз. Сондықтан музыка жағын сөз етпейміз. Дегенмен Димаш орындауындағы әннен алған көрермендер әсері мен Димаш жеткізгісі келген эмоцияны сөзбен жеткізу – бұл біздің міндетіміз. Ендеше бастайық…
Димаш ең ұзақ ән байқауына қатысуға Қытайға барғанда бірінші күні-ақ француз әнімен мұқым елдің аузын аштырып, таңдайын қақтырды. Ел аң-таң, мең-зең, тілдері байланған. Көрермендер қандай күйге түскендерін де айта алмай әбден әлек болды. Одан бері сырғып жарты жыл өтті. Бірақ өзі бөленген сезімді тарқатып, ауызша айтуға жанкүйерлердің әлі де шамасы келмеуде. Ал біз ол күйдің не екенін айтып берейік…
Негізінен, Димаштың орындауындағы бұл әнде менің, сенің, яғни әлемде өмір сүріп жатқан әрбір адамның жекелей тағдыры өріліп жатыр.
Шыр етіп дүниеге келгендегі балалық мамыражай кезең, одан соң кезең-кезеңімен өмірдің барлық сәті қамтылады. Онда қуаныш та, қайғы да, жамандық пен жақсылық та, шындық пен жалғандық та, жауыздық пен достық та – осылай өмірдің қарама-қайшылығы қосарланып кете барады.
Әр адамның жүрек түкпірінде жатқан орындалмаған бір арманы, удай өкініші немесе шерменде боп қатқан шері болады. Мұны біреуі біледі, біреуі білмейді. Өйткені адамдардың көбі өз жүрегіне үңіліп, онымен санаса бермейді ғой. Санасса бұ дүниеде суицид көп болмас па еді, қалай?.. Ал Димаш өзінше келтірген ән ноталары міне сол адамдардың қараусыз, қорғансыз жүрегін жаулап, бойын баурап, тереңіне сүңги түсіп, одан соң алапат дауылға айналып, есті шығарады. Қай тұстан келіп, жұлып кеткенін де аңғармайсыз, әйтеуір жүректегі беймәлім нәрсенің жібін тарқатып жатқаны. Содан соң да көрермен мұндайда әбден мең-зең күйге түседі. Бір анығы – жеңілдеп, жақсы боп қалады.
Бірақ қалай, неден жеңілдеді? Көрерменнің басым бөлігі мұны түсінбейді. Содан кейін де Димаш орындаған әннен алған әсерін олар тілмен жеткізуге қабілетсіз.
Тек: «Керемет! Ғажап! Күшті болды» деп бастарын шайқауға мәжбүр.
Көрермендерге қарасаңыз да шыңғырған дауысты естіп, ағыл-тегіл өздігінен көзден аққан жасты, өз-өзін құшақтап, көзін жұмып, әнге елітіп, басқа әлемге ойша саяхаттағандарды көресіз. Осы жағынан алғанда,
музыка – ем, қазақ бекер әнді сүймейді ғой. Біледі оның осындай қасиеті мен құдіретін. Ал Димаш сол қасиеттің қалпын бұзбай жеткізуші бірегей әнші. Бұдан соң Димашты көкке көтермей көріңіз, енді.
Әлеуметтік желі талқысында Димашқа қатысты сынды да кездестіруге болады. Оны сын деп айтуға болса, әрине. Ол жәй көреалмаушылықтан туындаған бір адамдардың ішкі ышқынысына көбірек ұқсайды, негізі. Дегенмен Димашты қызға ұқсатып жатқанда шыдап тұра алмайды екенсіз:
„Ойбай-ау, көзің қайда , көзің„ дегіңіз келеді мұндайда.
«Опера-2» әнін алып қараңыз. Сахнада бұл ән шырқалғанда Димаш теңіз патшалығының қожасына айналып, толқындар оның қолында бишікше иіріліп, жан-жағын соққылай бастайды дейсің. Қандай таңғажайып күш? Мына алапат дүние қалай пайда болды деп абдырайсыз келіп? Ақыры жынданған торнадо үйіріліп төбеңе төніп келіп, міне Сізді басады-ау дегенде ол сол күйі қатып, сиқырлы әлемге айналып шыға келеді. Ал буырқанып келіп, теңіздің тура төбеңізде қатқан толқындары алдында жынды басқан бақсыдай екі қолын кеңге жайып су патшасы – Димаштың өзі қасқайып алдарыңызда тұрады. Міне, оның бұл әндегі образының құдіреті.
https://kaz.365info.kz/khytajlar-ne-degen-zhyldam-dimash-khazakhtyn-oyu-ornegin-de-trendke-ajnaldyrdy-foto-255974
Француз фанаттарының бірі Димашты соғысты әнімен тоқтататын ән адмиралына теңеп еді.
Иә, оның әндері мен оны жеткізудегі болмысында осындай сиқырлы күш бар. Соны жеткізе білгендіктен де көрермендер үшін Димаш ғайыптан пайда болған адамзаттың сиқыршы құтқарушысы, басты қаһарманы, ән адмиралы, сахна патшасы, ақ періштесі, Тәңірдің өзі таңдап жаратқан ерекше адамы.
«Шоу басталады» әнін алыңыз. Нағыз еркекке тән мінез, мәрттік бар мұнда. Осы және басқа әндерде де Димаш тізерлеп келіп, өзін тастай салады. Құдды, хан алдына «Дат» деп лақтырылған қазақ нарқасқаларының қамшысы секілді. Нағыз батырларға тән мінез ғой. Психологиялық тұрғыдан алғанда да бұл іс-қимыл рухты жігітке тән жанпидалықты, қайсарлықты білдіретін белгі. Мұндай адамдар, 1 процент әділетсіздіктің өзіне әсте төзбейді. Содан кейін де оның бойы жалғандықтан ада, жүрегі таза, жүзі иманды. Сахнада намысты ер-азамат ретінде өзінің ұлтына, туған жеріне, ана тіліне, ұлттық мәдениеті мен құндылығына деген құрметін паш етуден де бір жалыққан емес. Халық әні „Дайдидауды„ Азиядағы ең танымал әнге айналдырды. Ұлттық бағыттағы оның еңбегі – бір бөлек талқыланатын тақырып.
https://kaz.365info.kz/dimashtyn-ehro-kormesinin-ashylu-saltanatyna-nege-kelmegeni-belgili-boldy-video-266226
Міне, осындай ғажап теңеулер мен ұлттық және адами болмысынан соң Димашты қалай қызға телуге болады? Оған біздің миымыз жетпейді.
Орталарынан ойып орын алған шетелдік әншіге бақталастары басында тосырқай қарады, мықтылығын білген соң, лаж жоқ, мойындады. Бірақ олар Димаштан жапа-тармағай өзіне керегін алып қалуға тырысты.
Олардың алғысы келгені – Димаштың сахнадағы көшбасшылық қасиеті мен қайталанбас харизмасы еді.
https://kaz.365info.kz/kozdin-kharashygyndaj-sakhtanyzdar-singer-zhobasyndagy-basekelesi-dimash-turaly-oz-ojyn-ajtty-video-266228
Мысалы, бір әншілер ән салғанда музыкадан қалып қойып жатады, ал тағы біреулері, керісінше алға шығып кетеді. Ал Димаш үшін бұл кешірілмес күнә. Ол ондайға мүлде жол бермейді. Керісінше, ол оркестрді өзі бастап, музыканы өзі ертіп отырады. Бұған да бір қабілет пен қасиет керек. Білесіздер ме, Қытай әншілері алғашында Димашқа жатырқай қарағанымен, артынан оның әрбір қимылын қалт жібермей, одан сабақ алатын жағдайға жетті. Көз қырымен қарап отырған бақталас әншілердің түрінен осыны жиі аңғаруға болатын.
«Мен де өстісем бе, мынаны үйреніп алу керек еді» деген секілді аш қарастар. Тіпті, ту сыртында біздің ұлға білдірмей сабақ алып жатқандардың ішінде Димаштан 1-2 буын үлкен әншілер де болды.
https://kaz.365info.kz/animdi-ajtyp-zhyre-berem-dimash-dzheki-channyn-ysynysyna-zhauap-berdi-266583
Оның бойындағы харизма мен көшбасшылық қасиетті Джеки Чан ағасы да байқады, ол қателеспеді. Димаштан мықты актер шығады деді ол. Бірақ Димаш өз кесімін айтты. Иә, ол өзі орындайтын әндердің ғана актері болғысы келеді екен.
Бірде бақталас әншінің бірі: «22 жаста ғана, өзі оркестрмен шырқайды, шебер деймін, құдды әнмен туып, музыканың майын ішкен сақа әнші секілді» дей салды бақылап отырғанын жасырмай. Ол, негізінен, нысанаға дөп түсті. Иә, Димаш туа сала музыка бесігінде тербеліп, жөргегінде-ақ әннің нұрына шомылып, бөленген бала. Оның әке-шешесі осы салаға өмір бойына еңбек сіңірген кісілер. Олар баласын кәсіби тұрғыда кішкентай кезінен шыңдады.
https://kaz.365info.kz/koresini-dimashtyn-akesinen-kordim-gazet-redaktory-akhylga-khonymdy-ysynys-tastady-263798
Димаштың әке-шешесі жайлы айтқанда әлеуметтік желідегі бір қыздың жазбасы есімізге түсіп кете береді. Ол өз жазбасында
әке-шешесінің жиі ұрыса беретінін, үйінде береке болмайтынын тілге тиек етіп, баласының жүзіне сүйсіне қарап тұрған әкелі-балалы Құдайбергендердің суретін салып: «Қараңыздар, бұрын «елдің баласына қарашы» деп үлкендер кішіні тәрбиелеп жатушы еді, ал қазір елдің ата-анасын үлгі ететін жағдайға жетіп қалыппыз» деп жазады. Иә, қазір не көп, ажырасу көп. Ата-ана махаббатына қанбаған бала көп. Осы жағынан алғанда, Димаштың әке-шешесі, ата-әжесі көп баланың өз ата-анасына үлгі ететін, мақтан тұтатын, еліміздің қадірлі адамдары.
Сөз соңында Астанада ЕХРО көрмесі аясында 27-маусымда Димаш Құдайбергеннің “Бастау” атты ән кеші – үлкен концерті өтетінін еске сала кетелік. Билет сатып алғандар арасында Димаштың шетелдік жанкүйерлерінен бөлек, шетел жұлдыздары мен әр саланың атақты адамдары бар. Қызығушылық жоғары дегеніміз ғой. Керемет кеш болғалы тұр. Жүрегі ұлтым деп соққан міне осындай ұлдарыңызды қолдаудан Сіздер де қалып қоймаңыз, бауырмал ағайын!