Бүгін Мәжілістің отырысында “Нұр Отан” фракциясының депутаттары үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, Білім және ғылым министрлігінің шығарған оқу бағдарламаларын қайта қарауды ұсынды. Олар “Қазақстан географиясы” пәнінің жеке пән ретінде оқытылмауына алаңдаушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
“Елбасы биылғы халыққа жолдауының адами капиталды дамытудың негізгі бағыты бойынша білім берудің жаңа сапасы, білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс деп нақты айтты. Сол бағытта Қазақстан үкіметі оқу стандарттарындағы өзгерістерді кезең-кезеңімен әр пәнге енгізу жөнінде №1080 қаулысын да шығарды. Десек те, білім саласына жауапты министрлік тарапынан берілген тапсырма мен айқын бағытты бұрмаушылықтардың кейде көрініс табатыны жасырын емес. Биылғы жылдың басында мәжіліс депутаттары өңірлерге сапар барысында ел тарихында ізі қалған ғалымдар мен белгілі ұстаздардың, ұлт жанашырларының үні мен назын естіп қайттық”, — деген депутат Бақытгүл Хаменова жалпыға білім беру стандартынан кейін оқу бағдарламасын әзірлеген жауапты мамандар басты жайтты ескермей қалғанын алға тартты.
“Дүниежүзіндегі барлық ел өздерінің тәуелсіздігін таныту үшін географиясын жеке пән ретінде оқытатындығы анық. Жер бедері бойынша еш кішкентай мемлекеттердің өзі бұл тізімнің алдында. Ал Қазақстан Республикасы 193 мемлекеттің ішінде тоғызыншы орынды иеленген. Айталық, Израиль мемлекеті төл географиясын екі жыл меңгертсе, көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдері үш жылға жуық уақытты жоспарлайды екен”, — деді Хаменова.
Қазақстан географиясы мектепте 1993 жылдан бастап оқытылып келеді. Депутаттың айтуынша, аптасына әупірімдеп оқытатын екі сағаттың өзі бүгінде көзден бұлбұл ұшқалы тұр.
“Елбасы “Болашаққа бағдар — рухани жаңғыру” мақаласында: “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Ол үшін Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары немесе Қазақстаның киелі жерлері гоеграфиясының жобасы керек” деді. Еліміз бен жеріміздің тарихы мен географиясын терең таныту Елбасының алдымызға қойып отырған нақты бағыты”, — деп еске салды халық қалаулысы.
Осы жерде депутат бізде стандарт пен бағдарламаны аттап өтіп, оқулық шығару сәнге айналып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Сөзіне дәлел — биылғы оқу жылынан бастап “География” деген атаумен жаңа оқулық енгізілген. Ал “Қазақстан географиясы” жоқ. Хаменова жаңа оқулықтың еліміздің төл географиясын насихаттауға қаншалықты қызмет ететініне күмән келтірді.
“Бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде берген мәлімдемесінде министр Ерлан Сағадиев мырза аталмыш мәселеден бейхабарлығын танытса, министрліктен алынған ресми жауапта бүгінгі күнге дейін” Қазақстан географиясы” пән ретінде емес, оқу бағдарламасы есебінде ғана қаралған деген жауап алдық. Жауапты басшылықтың жауабы осындай түсініксіз болса, жаңа оқу бағдарламасы мен жаңа оқулықтың шикілігі де айқын ба дерсің. Қалай десек те, басты мақсатымыз — болашақ ұрпаққа Атырау мен Алтайдың арасын жалғап жатқан кең байтақ атыраптың қасиетін ұлттық мақсатта түсіндіру. Елбасының ерен еңбегі — өзгелермен астасқан қазақ елінің аумағы мен шекарасын Қазақстан географиясында оқыту маңызды. Бұл болашақ алдындағы борышымыз”, — деді ол.
Осы айтылғандардың негізінде “Нұр Отан” фракциясының депутаттары Білім және ғылым министрлігінің шығарған оқу бағдарламаларын қайта қарауды ұсынды.
“Сағаты болғанымен, ешқандай бұйрықсыз ауыстыра салынған “Қазақстан географиясы” пәнінің атауы оқу бағдарламасында сақталуы тиіс”, — деген сенімде депутаттар.