Санитарлық дәрігерлер маусым айының алғашқы жартысынан қыркүйекке дейін ұласатын кене энцефалиті эпидемиологиялық маусымының басталғанын ескертті.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Қазақстанда кене энцефалиті бойынша эндемиялық үш өңір бар, олар – Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Алматы қаласы және оның маңайы.
Соңғы жылдары Ақмола облысында да кене шағу оқиғалары тіркеле бастады. Осыған байланысты, кәсіби себептермен кененің табиғи ошақтарында болуға мәжбүр тұлғалар (орманшылар, аңшылар және өзге де орман-аңшылық шаруашылығының жұмысшылары) кене энцефалитіне қарсы профилактикалық иммунизациядан өтуде. Сонымен бірге, көктемде және күзде эндемиялық аумақтарда балалар мен үлкендерді сауықтыру орындарында, кененің табиғи ошағында болуға мәжбүр мамандардың жұмыс орнында, демалыс және туризм базаларының аумақтарында, бау-бақша кооперативтерінде, орман алаптарының аумағында, тұрмыстық-шаруашылық мақсатта елді мекен тұрғындары жиі баратын орындарда кенеге қарсы дәрі себу жұмыстары жүргізіледі.