«Даму» қоры «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй салатын құрылыс компанияларының несиелерін субсидиялауды бастайды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Биыл республикалық бюджетте осы мақсатта 10,7 млрд теңге қарастырылған. 2018 жылы шамамен 300 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
«Екінші деңгейлі банктер жеке компанияларға сыйақы мөлшерлемесі бойынша несие береді. +5 процент субсидиялау туралы шешім шыққан сәттегі ҚР Ұлттық банкінің белгілеген мөлшерлемесі бүгінгі күні жылдық 16 процентті құрап отыр. Оның 7 пайызын «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялайды. Құрылыс жүргізуші жақ қалған 9 процентін төлейді.
Субсидия тұрғын үй ғимараттарын салумен айналысып жүрген кәсіпкерлердің жаңадан алатын несиелеріне беріледі. Бұрыннан тұрған ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, жаңартумен айналысатын компаниялар бұл санатқа кірмейді», – деді «Даму» қорының субсидиялау департаментінің директоры Тоғжан Алмантаева.
Субсидия 36 айға дейін, ұзарту мерзімінсіз беріледі. Бағдарламаның талаптары бойынша – құрылыс жүргізуші компания тұрғын үйлердің кем дегенде 50 пайызын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы шекті бағамен өткізуі керек. Баға Астана мен Алматы және осы қалаларының маңайында шаршы метріне 260 мың теңге болса, басқа өңірлерде 220 мың теңгеге дейін. Бұл баға таза әрлеу жұмыстары жүргізілген пәтердің 1 ш.м үшін көрсетілген.
Жеке үйдің құрылысы барысында 1 шаршы метрдің құны 120 мың теңгеден аспайды. (инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құнын есептемегенде). Сонымен қатар, аталған бағдарлама аясында халықтың «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы екінші деңгейлі банктерден алған ипотекалық тұрғын үй несиелерінің сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау да қарастырылған.