Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
4
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Дағдарыс орталығына күйеуімнен қашып келдім” – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қалай көмектеседі

1028
Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамдық қасірет. “БҰҰ-әйелдер” қорының деректері бойынша 2019 жылы

елімізде 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмған

Дағдарыс орталықтары, “Аналар үйлері” және уақытша паналайтын орындар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жәбір көрген және қорғансыз құрбандарына көмектеседі. Мемлекет оларды тұруына ақша бөледі. Бірақ мұның бәрі тек салдармен күрес. Қолдауды әлдеқайда тиімдірек ету үшін мұндай орындар қажет және оны жетілдіру керек. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жүргізу де талап етіледі. Олардың арасында —

  • заңнаманы жетілдіру,
  • құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықты жою керек.

Олар көбінесе зорлық көрсетушіні қорғайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша көптеген жұмыстар атқарылады, бірақ осы бағыттағы әрбір қадам мемлекетімізді құқықтық, ал қоғамды өркениетті етуге көмектеседі.

Мемлекеттік ақшаға жасалған жоба

Жақында “Дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және зорлық көрсетушімен жұмыс істеу бойынша атқарылатын шараларды әзірлеу және іске асыру” атты республикалық жоба жарияланды. Ол Ақпарат және қаржылық даму министрлігінің тапсырысы бойынша “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының” гранттық қаржыландыруымен іске қосылды және 9 айға созылады.

Қазіргі кезеңде грант сомасы 15 млн теңгені құрады

Жоба бағыттарының бірі – дағдарыс орталықтарының қызметін жетілдіру.

Жоба сарапшысы және ҚазҰУ оқытушысы Айгүл Мұстафинаның айтуынша, жоба аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс жәбірленушінің қажеттіліктерін, мықты тұстары мен ресурстарын бағалау мен зерттеуден басталуы керек. Мұны әзірленген хаттамаларға сүйене отырып, мүмкіндігінше тиімді етуге болады.

Хаттамаларды жүйеге енгізу

– Әрине, хаттамаларсыз да көмектесуге болады, бірақ белгілі бір жағдайларды есепке алмай қалуымыз мүмкін. Мысалы, егер сіздің ойыңызда белгілі бір шектеу немесе негіз болмаса, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының құқықтық мәртебесінің барлық спектрін бағалау қиын. Хаттамалар келесідей үлгіде құрылған:

  • олардың бірінші бөлігі жәбірленушінің әлеуметтік-құқықтық немесе әлеуметтік-экономикалық мәртебесінің әр аспектісін анықтауға мүмкіндік береді.
  • Хаттаманың екінші бөлімінде біз анықтағанның бәрін қорытындылаймыз. Және

әйелдің қалпына келуіне барынша көмектесу үшін қолданатын стратегияларды нақты анықтаймыз

Бізде дағдарыс орталықтарында іске асырылатын 8 әлеуметтік қызмет үшін 8 хаттама әзірленді. Басқаша айтқанда, бұл хаттама дағдарыс орталықтарында жұмысты неғұрлым дәйекті және жан-жақты ететін қосымша құрал болып табылады. Және зардап шегуші айтпаған қажеттіліктерді де анықтауға көмектеседі, – дейді Мұстафина.

Күш құрылымдарында да агрессорлар көп

“Қазақстанның тең құқықтар мен мүмкіндіктер институты” ҚҚ-ның президенті Маргарита Өскембаева атап өткендей, дағдарыс орталықтарының әлеуметтік қызметкерлерінің, психологтарының және  басқа да мамандарының біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

Маргарита Ускембаева

Жобаның тағы бір бағыты – әскери училищелердің курсанттарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Өскембаеваның айтуынша, күш құрылымдарының өкілдері көбінесе үйдегі мейірімсіз жәбір көрсетушілерге айналады.

– Біздің “ARASHA” уақытша паналау үйінің тәжірибесінде отбасындағы жәбір көрсетуші күш құрылымдарының өкілдері болған жағдайлар кездесті.

Олар эмоционалды тұрғыдан икемді емес, мәселені шешуде күш қолдануға бейімделген. Жұмысы қиын. Үйге келіп, бар ашуын әйелі мен балаларынан алады.

Ал таңертең гүл береді, кешірім сұрайды және ары қарай өмір сүре береді. Әйелдер ондаған жыл бойы бұған шыдайды, өйткені оларды ешкім қорғамайды, — дейді Өскембаева.

Балалар – отбасындағы драманың құрбандары

Сондай-ақ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға, ювеналдық полиция инспекторларына тренингтер өткізіледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары полицияға жүгінген кезде оларға көмек көрсету бойынша біліктілігін арттыру үшін.

– Көбінесе біз педофилия жағдайлары орын алған кезде назар аударамыз. Бірақ

бала анасымен, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанымен бірге уақытша паналау орындарына келгенде – бұл мүлдем басқа жағдай және басқа көмек көрсетіледі,

– дейді қор президенті.

Дағдарыс орталықтарының жетіспеушілігі

– Маргарита Әбдікәрімқызы, қазір Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған қанша дағдарыс орталықтары мен баспаналар бар?

— Деректер әртүрлі. Біз жоба аясында жүйелендіру және нақты ақпарат беру үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне сұраныс жібердік. Олардың қалай әрекет ететіні, қандай стандарттар бойынша жұмыс істейтіні және жұмыс режимі туралы сұрадық — тәулік бойы, тек күндізгі уақытта ғана жұмыс істейтіндері болады.

Ақпарат алғаннан кейін біз дағдарыс орталықтары мен жұмыс істеп тұрған уақытша паналау орындарының толық каталогын жасауды жоспарлап отырмыз

2019 жылы Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстандағы зорлық-зомбылық мәселелері бойынша зерттеу жүргізді. Олардың есебінде дағдарыс орталықтарының төсек-орындарының санын есептеу әдістемесі сипатталған.

10 мың тұрғынға бір төсек-орын болуы тиіс. 18 миллион халқы бар біздің елге, бұл 1800 төсек-орын

Әр аймақта шамамен 100 төсек-орын болуы керек. Мысалы, Алматыда 67 төсек-орын бар. Кем дегенде 2 миллион халқы бар қалада 200 төсек-орын болуы қажет. Бірақ көші-қон үрдісінің жоғары екенін ескере отырып, мегаполисте 3 миллионға жуық адам тұрады деп алу, яғни 300 төсек-орын болуы керек.

Қалалар мен ауылдардағы паналау орындары

Алматыда орналасқан біздің “ARASHA” паналау орнына Қазақстанның түкпір-түкпірінен өтініш білдіруде. Жақында бізде Қызылордадан келген бір әйел болды, жергілікті мемлекеттік орталық оны қабылдауымызды өтінді, өйткені туған қаласында күйеуінің қудалауынан қорықты. Нәтижесінде ол Алматыда тұрып қалды – есепші болып жұмысқа орналасты және балаларымен өз бетінше тұрып жатыр. Жалпы,

көптеген адамдар хабарласып, Алматыға барғылары келетінін, бұл қалада қауіпсіз және жақсы еңбек нарығы бар екенін айтады.

Әрине, дағдарыс орталықтарының 67 төсек-орны барлық талаптар мен қажеттіліктерді өтемейді.

– Ал ауылдардағы дағдарыс орталықтарының жағдайы қандай?

– Ауылдарға келетін болсақ, мұнда жағдай әлдеқайда күрделі. Мысалы, Ақмола облысында екі төсек-орыны бар орталық ашылды. Бір қарағанда, шешім дұрыс сияқты. Екінші жағынан, онда инфрақұрылым болуы керек. Штаттық кестеге сәйкес 17-20 төсек-орынға арналған паналау орнында 11 қызметкер жұмыс істеуі тиіс. Ал ауылдағы екі төсек-орынның жағдайы қалай болады? Сондықтан

ешбір қисынға келмейтін жағдайға жеткізбей, аудандық дағдарыс орталықтарын ашу керек

Оның үстіне, әрбір жүгінген адам бұл қызметті алуға  құқылы. Құжаттары болмаса да, бізде ондай жағдайлар болған.

Әлемде жақсы адамдар да бар

– Дағдарыс орталығына тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары қалай келеді?

– Кейде, олар тікелей қоңырау шалады, біз оларды қабылдаймыз. Көбінесе жәбірленушінің жол жүруге ақшасы болмайды. Облыстан келген кездері де болды, біз оларға өзіміз такси шақырттық.

Көбінесе әйелдер күйеуі үйде болмаған кезде қоңырау шалып, сол сәтте қашып кеткісі келеді

Кейде әйелдерді бізге полиция қызметкерлері алып келеді. Кейде оларды туыстары, достары, тіпті кездейсоқ жолаушылар ертіп әкеледі. Бірде шағын дүкеннің сатушысы қоңырау шалып, Райымбек пен Панфилов көшелерінің маңынан терезеден екі баласы бар әйелді көргенін айтты. Балалары бір-екі күннен бері жуынбағаны және тамақ ішпегені бірден байқалатынын жеткізді. Оларға жейтін тамақ сатып әперген. Мен сатушыдан оларды таксиге отырғызып, біздің жақын жердегі, Төле би — Панфилов көшесіндегі кеңсеге жіберуін өтіндім. Біз сол жерде де, паналау орнында да қабылдаймыз. Паналау орнының мекен-жайы қауіпсіздік мақсатында құпия ақпарат болып табылады.

Біріккен жұмыс

Ал егер сіздерге келген кезде орын жоқ болса ше? Оған қоса, баласымен келсе, бірнеше төсек-орын керек емес пе? 

— Біз басқа да дағдарыс орталықтарымен, аналар үйлерімен, сондай-ақ “Реванш” және “Асар” орталықтарымен өзара бірлесіп жұмыс істейміз. Олардың барлығы өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдармен жұмыс жүргізеді. Ондай кезде сол жерлерге жібереміз. Төтенше жағдайларда біз күту парағына қоя аламыз. Стандартқа сәйкес біздің паналау орталығымызда 6 айға дейін тұра алады. Бізге келген әйелдердің 80%-ы жұмыс істемейтін әйелдер. Жұмысқа орналасқандардың арасында көбінесе, жоғары біліктілікті талап етпейтін жұмысқа кіргендер басым. Сондықтан олар мүмкіндігінше ұзақ болғысы келеді.

Кейде жүкті әйелдер келеді. Қазір бізде мамыр айында босанатын екі баласы бар әйел тұрып жатыр

2019 жылы біздің баспанада үш сәби, 2017 жылы бір бала дүниеге келді. Әрине, егер әйел жүкті болса, ол алаңсыз мерзімі жеткенше жүреді және бізде ұзағырақ уақытқа қала алады.

Сәбилер паналау үйінде дүниеге келеді. Иллюстрациялық фото.

Оларға көмектесеміз, тіркеуге қоямыз. Маңызды әлеуметтік жұмыс жүргізіледі.

Медицинадағы қиындықтар

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қызметтер инфрақұрылымына қол жеткізуі – назар аударуға тұрарлық жеке тақырып. Тіркеуде жоқ және құжаттсыз әйелдерд де келеді. Біреуіне құжат алуға көмектестік, бір жарым жылға созылды.

Бірде оның баласы ауырып, “жұқпалы аурулар ауруханасына” түсті. Мен түнде сол жерге көмектесуге бардым. Оның балалары туу туралы куәліксіз өмір сүріп жатқан, сәйкесінше оның балалары бір де бір мәліметтер базасында жоқ

Қайырымды адамдар оларды жолдың бойында жүрген жерлерінен бізге әкелді. Бұл ана балаларымен бірге үш апта бойы Алматы облысындағы орман алқабында далада қонып жүрген.

– Пандемия кезінде дағдарыс орталықтарының жұмысы қалай жүріп жатыр?

— Жақында бізге бір әйел келіп түсті, біз оны бірден ПТР-тест тапсыруға апарып, бокс ретінде бөлінген жеке бөлмеге оқшауладық. Онда ол екі апта жатады. Әрине, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен жұмыс істей жүріп, өзімізге вирус жұқтыру қаупін тудырамыз.

Пандемия қаржыландыруға әсер етті

— Дағдарыс орталықтарының басым бөлігін мемлекет қаржыландырады ма, әлде жеке құрылымдар мен адамдар да қосыла ма?

— Іс жүзінде барлық мемлекеттік орталықтар мен паналау орындары мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Соңғы жылдары ол мемлекеттік қызметтердің бір бөлігін коммерциялық емес ұйымдарға, яғни үкіметтік емес секторға беру саясатын жүргізуде.

Дағдарыс орталықтарының жұмысына мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жасалады. Біздің паналау орталығы да осы саясат аясында ашылды. Мәселе мынада, қаржыландырудың екі деңгейі бар. 2017–18 жылдары қаржы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің республикалық бюджетінен және жергілікті бюджеттен теңдей үлеспен түскен. Бірақ кейінірек бұл қатынас өзгерді. Нәтижесінде

кейбір паналау орындары жабылды – мысалы, Шымкентте. Қаржыландырудың жетіспеушілігі көбінесе төсек-орындарды есепке алудың халықаралық әдіснамасын сақтауға мүмкіндік бермейді

Пандемия да өз рөлін атқарды – онымен күресуге көп ақша жұмсалды. Алғашқы екі жылда бізде 20 төсек-орын болды, қазір олар 17-ге қысқарды. Бұл – бюджеті ұдайы толықтырылып отыратын еліміздің ең экономикалық белсенді қаласы Алматыда.

Егер ауылды немесе ауданды алатын болсақ, онда да бюджет жетіспейді. Дағдарыс орталығын ашу, жолдарды жөндеу немесе егін егу мәселесі туындаған кезде, әрине, таңдау дағдарыс орталығының пайдасына жасалмайды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан кейінгі өмір

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары дағдарыс орталықтарынан шыққан кезде олардың тағдыры қалай болады?

— Жоғарыда айтқанымдай, көбісі жұмыс тауып, аяққа тұрады, туыстары да көмектесетін кездері болады. Бірақ біздің тәжірибемізден көргеніміздей,

тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 40%-дан астамы өз отбасыларына, қатыгез күйеулеріне оралады

Бұл әртүрлі себептермен болады: біреулері күйеуін өте жақсы көреді, енді біреулерінің баратын жері жоқ. Кейде күйеуі түзелемін уәде береді, өздерінің айтуынша, балаларға әке керек. Бұл әйелдердің жартысының өмірі жақсартып кетеді, жартысынікі жақсармайды. Олар сосын бізге қайтадан келеді. Біз де үнемі көмектесе алмаймыз, ресурстарымыз шектеулі. Көп нәрсе адамның өзіне байланысты.

Менің жұмысым ағымда жүріп жатады – бізге алуан түрлі әйелдер келеді. Біреудің жұқпалы ауруы немесе тіпті психикалық ауруы болуы мүмкін. Кейде балалар ауырады — бұл анадай күйзелістен кейін жиі кездесетін құбылыс. Тіпті, кейде медициналық көрсетілімдері бойынша балаға мүгедектік берілуі керек, бірақ оны алмаған жағдай да кездеседі. Жалпы, шешілуі тиісті мәселелер ауқымы өте үлкен.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз