Қазақстан Республикасының ресми делегациясы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты жедел шақыртылған төтенше сессиясында сөз алды.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Газа Секторы мен Израиль шекарасындағы наразылық шараларын басып-жаншудың құрбандары туралы ақпараттарды біздің республикамыздың халқы қабырғасы қайыса отырып қабылдайтынын атап өтті. Оның сөзінше, қазақстандықтар бұл зорлық-зомбылық әрекеттеріне үлкен алаңдаушылық танытуда.
— Қазақстан Республикасы халықаралық қауымдастықты көптеген адам шығындарына әкеліп соққан сол Газа секторы мен Израиль шекарасындағы зорлық-зомбылықты кезек күттірмей тез арада тоқтату үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырады, — деген Қайрат Омаровтың сөзін ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі келтіреді.
Қазақстан сондай-ақ қос тарапты палестиналықтар мен израильдіктердің арасындағы қақтығыстардың одан сайын өршеленіп, шиеленісе түсуіне әкеп соғатын, бейбітшілік орнату жолындағы талпыныстарды жоққа шығаратын әрекеттерге жол бермеу үшін ұстамдылық пен сабырлыққа шақырды. Сонымен бірге тараптарды бұдан бұрын қол жеткізілген халықаралық келісімдерге сай Иерусалимнің тарихи мәртебесін сақтап қалуға шақыратын үндеу жасалды.
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілінің БҰҰ мінберінен жасалған мәлімдемесінде айтылғандай, «БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері мен резолюцияларын ұстанатынын растай отырып, Қазақстан Республикасы Таяу Шығыстағы қақтығыстарды бейбіт саяси үрдіс аясында толыққанды реттеуді әрдайым және дәйекті түрде қолдайды».
Тұрақты өкіл Палестинаның мемлекеттілікке деген құқығы мен Израильдің қауіпсіздікке деген құқықтарын алдын алу дипломатиясына сай құралдар қолдану жолымен, оның ішінде саяси, экономикалық және экологиялық өлшеулер аясында және жаңа қауіп-қатерлер мен сын-тегеуріндер саласындағы өзара сенімділік шарасын пайдалана отырып қамтамасыз етуге шақырды.
Естеріңізге сала кетсек, 14 мамыр күні Газа Секторында Израильдегі АҚШ елшілігін көшіруге байланысты жаппай тәртіпсіздіктер мен наразылық шерулері өткен. Жаппай тәртіпсіздіктер барысында Израиль әскерилері бейбіт халыққа оқ атып, наразылық білдіруге шыққандар арасында адам шығындары болған. Палестина тарапы 59 адамның көз жұмғанын хабарлайды. Ең өкініштісі, олардың арасында емшектегі сәби жасындағы бір қыз бала болған.