Нұр-Сұлтан
Қазір
0
Ертең
3
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Бұрғылаудан рекорд орнатқан қазақ баласы «100 жаңа есім» жобасына қатысуда

166

Біздіңше мұндай деңгейдегі маман Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасынан орын алуға әбден лайық. Себебі, оның кәсібі аса күрделі әрі аса қиын сала. Санжар жеті қат жер астынан шикізат алуда ең қиын ұңғыларды бұрғылаумен айналысады.

Қазіргі күні шетелдерді ерекше сұранысқа ие мұнайшы-инженер. Былтыр ғана Ұлыбританияда кәсіби инженер лицензиясын алып, Англияның Инженерлер кеңесі және Инженер-механиктер институтына мүше болып сайланды.

Көпті көргеннен сұра…

Қазақтың баласы. Қазіргі күні Санжар Ұлыбританияның «Merlin ERD – Extended Reach Drilling» атты инженерлік консалтинг компаниясында жетекші инженер болып жұмыс істейді. Біле білсеңіз, бұл өндіріс орны дүниежүзіндегі ең қиын, аса ауыр ұңғыларды бұрғылаудың танымал эксперті болып саналады екен.

Шыны керек, компания жұмысқа шақырғанда алғашқыда абдырап қалдым. Менен қарағанда жасы үлкен мамандарған көбірек басымдық береді деп ойлағанмын. Бірақ, ол бірінші кезекте жасқа емес, маманның халықаралық тәжірибесіне және жетістіктеріне қарайды екен. Қазіргі күні компаниядағы ең жас маманның бірі менмін. Өзгелерінің барлығы алды 10-15 жылдық, одан кейінгісі 20-25 жылдық тәжірибесі бар инженерлер. Солардың арасында жүріп мен әрі қарай білімімді арттырып жатырмын деп айта аламын”, – дейді Санжардың өзі.

Бұдан асқан жетістік бар ма? Қарағанды облысының шағын ғана Жаңаарқа ауданында дүниеге келген қазақ баласы әлемді мойындатып отыр, әлемдік деңгейдегі компанияның белді маманы бүгінде.

Санжар қарапайым отбасында өмірге келді. Анасы да, әкесі ұстаз. Бала жасынан биік мақсаттарға ұмтылуды көздеген «Болашақ» бағдарламасына қатысып, бағын сынайды. Арманы орындалады. 2010 жылы Техас университетінің мұнай-газ инженериясы факультетін тәмамдап шығады.

Болашақ» бағдарламасының түлекке қояр талабы қатал, өздеріңіз білесіз. Бұл 2006 жыл болатын. Мұнай-газ саласы инженері болуға берік бекінген мен Шотландияның Абердин университетіне бардым. Осы жерде мұнай-газ саласына қатысты көп біліп, тереңірек біліп алғым келді. Алайда бұл жерде бакалаврды терең оқытпады. Алған білімім аздық етті. Осы себепті алыс құрлықтағы Америкаға, Техас Университетіне (Остин қаласына) ауысам деп шешім қабылдадым. Біле білсеңіздер, аталған оқу орны мұнай саласын оқытуда әлем бойынша көш басында тұр. Осы жерге оқуға түсуді армандап, барлық емтихандарынан өте сәтті өттім. Шетелге елімізден атынан барып, білім алдық. Бұл үлкен жауапкершілік болғандықтан, барған жастар үздік оқып, әртүрлі стипендиялар ұтып, қоғамдық жұмыс арқылы өзімізді көрсетіп, сенімді ақтауға тырыстық”, – дейді Санжар.

Санжар сөзіне тұра біледі. Оқу орнының қабырғасында жүріп-ақ мұнай-газ саласының «PetroBowl» (Петробол) атты әлемдік деңгейдегі олимпиадасын ұтып алады. Әрине, жалғыз емес, ұжыммен. Бірақ, осы ұжымды құрып, оған жетекшілік еткен әрі жобаның жоспарын құрған Санжардың өзі тұғын.

Осынау Олимпиадаға ағылшын тілді 16 елдің ең мықты деген университеттері қатысады. Ақтық сында әйгілі Миссури университетімен тең түсіп, аламанның тағдырын ұжым капитандарының бәсекесі шешетін болады. Санжар осы жарыста жеңіп шығады. Осының нәтижесінде Луизиана штатының Нью-Орлеанс қаласында 2009 жылдың әлем чемпионы атанады.

Ең қызығы, осыған дейін Санжар білім алатын оқу орнының тарихында бұл олимпиададан бірде-бір жеңістері болмаған екен. Осы бәйге Санжардың бағын ашты десек артық емес.

Ұңғы бұрғылауда рекорд жасаған қазақ жігіті «100 жаңа есім» жобасына қатысып жатыр

Үздіктер қатарында

Осы жетістіктен кейін жерлесімізді әйгілі Эксон Мобил компаниясы назарға алып, оқуын бітірген соң бірден жұмысқа шақырды.

Өзім оқуға түсуді армандаған Техас университетінде мен үш жыл бойына ғылыми жұмыспен айналыстым. Уақытымды бекерге кетіргем жоқ. Профессор Уен және профессор Поп деген әлемге әйгілі екі профессормен жұмыс атқардым. Солармен бірге түрлі химиялық технологиялар арқылы мұнайды қалай көбірек шығарамыз деген мәселеде ғылыми жұмыспен айналыстым. Сахалинде инновация үшін халықаралық жүлде ұтып алған едім. Ал Елордамыздың атынан 2014 жылы Голландия астанасы Амстердамда мұнай-газ саласы өндірісі қауымдастығының «Жаһандық Президенттің ерекше жетістіктер» деп аталатын жүлдесін иелендім”, – дейді бұл ретте Санжар Жәркешов.

Ілгеріде айттық, шетелдік компаниялар адамның жасына емес, оның жұмыс тәжірибесіне қарайды деп. Өзінің еңбек жолын Қашағаннан бастаған Санжар кейіннен АҚШ-тағы Хьюстон, Калифорния, Колорадо штатында жұмыс істейді. Бір жолы тіпті Иракка да сапар шегеді. Аталған жерлерде жұмыс істеп кәсіби біліктілігін арттырды.

Осы күнге дейін білімді де білікті қазақ баласа барлық 15-ке жуық мемлекеттің кен орнында болып, тәжірибесін толыстырған екен.

«Оқуды аяқтағаннан кейін ҚазМұнайГаз бен Теңізшевройл компанияларының кен орындарында істеп, біраз тәжірибе жинақтадым. Бұдан соң мені «Exxon Mobil» (Эксон Мобил) компаниясы Хьюстон қаласына тәжірибелік жұмысқа шақырып алды. Бірден шетелге кеткем жоқ. Алдымен туған жерімде еңбек еттім. Алғаш «Қашаған» кен орнында еңбек еттім, артынша Эксон-Мобил компаниясы кәсіби деңгейімді көтеру үшін бас инженер етіп АҚШ-қа, Иракқа, Ресей жеріне жұмысқа жіберді. Олар жас мамандарды дайындауға қатты көңіл бөледі. “Қашағанда» «Болашақ» деп аталатын мұнай өңдеуші зауытында инженер болдық. Бұл жерде жарты жылдай еңбек еттім. Шыны керек мен таңдаған мамандықтың бағытына келіңкіремеді. Өздеріңіз білесіздер, мен бұрғылаушымын ғой. Оқуды аяқтағаннан кейін бірқатар жетістіктерді бағындырып, тәжірибем толысып қалған болатын. Содан шығар қайтадан басқа бағытта барлығын басынан бастағым келген жоқ. Оның үстіне бұрғылау жұмысы аса шапшаң және де көшбасшылық қабілетті қажет ететін қызықты іс.

Екінші мәселе қазір бұрғылау технологиясы өзгерген. Әлемде қазір мұнайды бұрынғыдай 5-7 емес, 11-15 мың метр тереңдіктен бұрғылап шығара бастады. Ол Қазақстанда да өзекті мәселе. Мұндай жобалар да бар. Елімізде өте терең бұрғылау істері басталған кезде, менің тәжірибем керек болатыны сөзсіз. Әзірге бұл істің қалтарыстары мен бұлтарыстарын меңгеру үстіндемін», – дейді жерлесіміз.

Сахалин рекорды

Санжарды әлем таныған кез Сахалин аралында ең қиын ұңғыны бұрғылап әлемдік рекорд орнатқан тұс болатын. Бұл туралы жерлесіміздің өзі былай деп еске алады.

«Иә, бұл кез біз үшін үлкен сынақ болды. Болаттай берік жүйке қажет еді. Себебі, жұмыстың жауапкершілігі үлкен болатын. Сахалин аралында 13 мың метрге дейін бұрғыланған ұңғы «Z-40» деп аталады. Міне, сол жерде бас инженер болып жұмыс істедім. Қол астыма 200-дей адам қарайды. Мен бұрғылау бағдарламасының бас инженері болған едім. Қарамағымда тағы 4 инженерім бар. Соңғы бұрғылау бағдарламасына, жалпы барлық инженерлік үлгілер мен есеп-қисаптарға өзім жауапты болдым. Бұл жұмыс оңай десем, өтірік айтқаным болар. Өйткені өндіріс. Қауіптің қайдан келерін күні бұрын біле алмайсың. Соған қарамай 13 мың метр қашықтықты бұрғылап әлемдік рекорд орнаттық.

Мен әрдайым қайталаумен келемін. Бұл жалғыз ғана менің жетістігім емес, бұл – үлкен ұжымның жетістігі. Бағдарламаның барлығын дұрыс қолданса, инженерлік калькуляцияны дұрыс жүргізсе, онда көптеген жетістікке жетуге болады”, – дейді ол.

Ілгеріде айттық білікті маман ретінде Санжар талай мәрте мәртебелі марапаттарға ие болған. Айталық, Ұлыбритания елінің экономикасына қосқан үлесі үшін Елизавета патшайымның арнайы сыйақысына да ие болды.

Қазақы тәрбие алған

Бір ақиқат бар. Жерлесіміздің осындай белеске көтерілуіне, осындай жетістікке жетуіне отбасынан алған тәрбиесі де ерекше ықпал еткені сөзсіз.

Ең бастысы, Санжар қазақы тәрбие алған.

«Балаларымызды әрдайым адалдыққа тәрбиеледік. Өз еңбектерімен өмір сүруге баулыдық. Осы тәрбие өзінің нәтижесін берді. Қазіргі күні Санжарым Шотландияда тұрады. Ең қиын ұңғымаларды бұрғылаумен айналысатын консалтингтік компаниялардың бірінде сарапшы инженер. Бұл біз үшін, оның ата-анасы үшін үлкен абырой.

Ал Санжардың өзі алдағы уақытта туған жеріне оралуды жоспарлап отыр. «Осы салада тәжірибе жинақтап, елге қайтып, пайдамды тигізсем», – дейді ол.

«Білетін боларсыздар, жалпы мұнай саласында резервтер үлкен. Меніңше біздің ел шетелдің мамандарының күшіне сенетін уақыттан өтті. Себебі, осы уақыттың ішінде өз мамандарын тәрбиелей алды. Ендігі жерде отандық мұнай-газ саласына қазақстандық мамандарды көбірек тартып, оларды мықты позицияға қойса, үлкен жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Шыны керек, қиын болса өте қызықты жобалар баршылық. Егер де солардың жүзеге асырсақ еліміздің экономикасын одан сайын жақсартуға болады», – дейді бүгінгі мақаламыздың кейіпкері.

Осыдан төрт жыл бұрын…

Айта кетсек, осыдан төрт жыл бұрын Астанада мұнай газ саласы өндірісі қауымдастығының (Society of Petroleum Engineers (SPE)) филиалын ашылған болатын. Мұнай-газ саласының білгірлері жақсы біледі, бұл бүкіләлемдік мұнай газ инженерлерінің қоғамы. Әлемдегі ең үлкен кәсіби қауымдастық. Қазір 160 мың мүшесі бар. Орталығы Даллас қаласында.

Міне, осындай деңгейдегі ұйымның Қазақстанда ашылуына мұрындық болған осы Санжар еді.

«Негізінде бұл ұйымның мұнай-газ саласын оқытатын беделді оқу орындарында өзінің студенттік бөлімдері бар. Мен Техас университетінде жақсы оқығаным үшін ол оқу орнының академиялық стипендияларын ұтып алған едім. Анығында, бұл мұнай саласын бүге-шігесіне дейін білгісі келетін мамандарға өте қажетті оқу орны. Міне, Техас университетінде оқып жүріп, сол қоғамның өкілдерімен байланыс орнаттым. Мүшесі атандым. Елордамыздағы филиалды құру үшін Лондондағы осы қоғамның офисімен жұмыс істеп, солардың шетелдік компанияларымен келіссөздер жүргіздім. Солардың қолдауын алып, сол филиалды аштық” дейді Санжар Жәркешов.

Санжардың бағындырар белестері көп. Ол өмір жолын енді ғана бастады. Бірақ, соған қарамай мол тәжірибе жинап үлгерді. Алдағы уақытта шетелдік белді компанияларда істеп үлкен істерді үйренген жерлесіміз елге оралады.

Біздіңше Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған “100 жаңа есім» жобасы Санжардай азаматтың есімімен толықса нұр үстіне нұр болары анық.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз