Шынымен бұлары қалай? Ескерткіш салынбай тұрып неге ойланбаған?
Ақтөбелік шенеуніктер қаланың қақ ортасындағы тәуелсіздік монументін жоқ қылуды талап етіп отыр. Бұл туралы КТК хабарлады.
10 жыл бұрын жергілікті кәсіпкер салдыртқан ескерткіштің көшірмесі оларға енді ұнамай қалған. Алғашқыда атқамінерлер алтын адамның құбылаға қарап тұрғанын желеу етсе, енді тұғырының тым биік екенін айтып, тіпті сотқа берген. Әйтсе де, бизнесмен сәулет өнерін жермен жексен етуге жол бермеймін деп бекініп отыр.
Борис Байжарқынов, кәсіпкер:
–Бес метрден артық биіктігі жақпай отыр. Саяси қате іс. Қаланың әкімі Испанов деген азаматтың хаты бар.
Бір қызығы, 2 жыл бұрын жергілікті билік қала сәулетіне қосқан үлесі үшін кәсіпкерді марапаттаған екен. Енді бүгін қойған ескерткіші құласа не істейміз деп байбалам салып отыр.
Ербол Кенжалы, Ақтөбе қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
-Монументтің металконструкциясы адам үстіне құлап жатса кім жауап береді? Қала құрылысы туралы ереже бар. Соны бәріміз орындауымыз керек.
Бұған дейін әкімдік Борис Байжарқыновтың қала орталығына салған шағын хайуанаттар бағын да бұзғызған болатын. Ондағы керік пен өзге де жануарлар әлі кәсіпкердің қала шетіндегі қорасында тұр. Ендігі кезек ескерткішке жеткен.
Бұл ескерткішті тұрғызуға кәсіпкер кезінде он миллион теңгеден астам ақшасын жұмсаған. Алтын адам мүсінін Қытайда құйдырып, мәрмәр тастарды да шетелден жеткізген. Бірақ бұл шығынға бизнесмен ішім ашымайды дейді. Тек тұрғындарға тарту еткен ескерткішінің шенеуніктерге жақпағанына күйінеді. Сондықтан ескерткішті сақтап қалуға барымды саламын деп бекініп отыр.