Құдай қаласа, Қазақстанда тағы үш зауыт пен бір күн электр стансасы салынатын болды.
Маңғыстау облысында құны 11,5 млрд теңгені құрайтын үш жаңа өндіріс ошағы ашылады.
Осы үш жобаның есебінен өңірде жаңадан 223 жұмыс орны ашылмақ.
Жүзеге асырылатын жаңа жобаларға тоқтала кетсек, олар мынадай өндіріс орындары – полимерлі қаптамалар шығаратын “Достық Полимер” зауыты, жихаздар мен пластик терезелер жасайтын “Шеберлер қалашығы” өндірістік цехы, кабельдер мен трансформаторлар өндіретін “Ақтау-ЭнергоМаш” зауыты.
Сонымен қатар, облыстағы кезекті аппарат кеңесінде ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір аралығындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор көрсеткіші 103,2%-ды құрағаны атап айтылды. Өткен 2017 жылдың қаңтар-сәуір аралығында бұл көрсеткіш 99,1% болған екен. Облыс бойынша өнеркәсіптік өнімнің нақты көлемінің индексі 1,5 пайызға өскен екен.
Жалпылай алғанда, биыл қаңтардан сәуірге дейін 910,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 38,8 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. (2017 жылдың қаңтар-сәуірінде – 29,2 миллиард теңге болған).
Облыс бюджетінің кірістері 46,9 млрд теңгені құраған. Мұның өзі жоспарланған көрсеткіштің 106,1% пайызына сай екен. Бюджет шығындары жоспарланған көлемнің 96,6 пайызын құрап, 48,7 миллиард теңге болды. Оның ішінде жергілікті бюджет 44,8 млрд теңгеге орындалып, (97,2%), мақсатты трансферттер 3,8 млрд теңгеге орындалды (90,5%).
“Облыс бюджетінде 189 нысанның құрылысы мен жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаражат бөлу көзделген. Оның ішінде 21 жобаға республикалық бюджеттен, 168 жобаға жергілікті бюджеттен ақша бөлінеді. Оның ішінде тағы 133 нысан 2017 жылдан қалған, биылға ауысып отыр, тағы 56 нысан – жаңа жобалар болып табылады“, — деп атап өтті облыстың қаржы басқармасының жетекшісі Марина Әлбекова.
Алдағы жылыту маусымына жергілікті бюджеттен 1,1 трлн теңге қарастырып отыр екен. Сондай-ақ, “МТЭК” ААҚ инвестициялық бағдарламасы мен “ҚазТрансГаз Аймақ” бағдарламасының аясында 110 кВ электр желісі линиясының құрылысына қажетті 6,3 млрд теңге қарастырылды. Және де “Каспий энергетикалық Жел электр стансасының” сыртқы инфрақұрылымы құрылысының аясындағы 110/10 кВ подстансасының құрылысына қажетті 5,1 млрд теңге қаражат қарастылырыпты.
“Бейнеу, Түпқараған және Мұнайлыдағы елдімекендерді газбен қамтамасыз етуге бағытталған тоғыз жобаны жүзеге асыру құны 1,2 миллиард теңгені құрап отыр“, — деп хабарлады облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Сапар Аманбеков.
Айта кетсек,
қазір Оңтүстік Қазақстан облысында да жалпы құны 5 миллиард теңгеден асатын жаңартылатын «жасыл» қуат көздерінің жобалары жүзеге асырылуда.
Демек, Елбасы сөз өткен жасыл экономикаға өңірлер бойынша жергілікті және республикалық бюджеттен қаржылар бөлініп, ірі-ірі жобалар жүзеге асыру үшін қолға алынуда. Онда да оның барлығына дерлік ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде таныстырылып, ал қазір нақты іске аса бастаған. Мұның барлығы ел экономикасының тиімділігі мен үнемділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаның ластану деңгейін күрт төмендетіп, халықаралық құжаттар бойынша мойына міндеттеме алған мемлекеттіміздің жауапкершілігін де бір арттырып, халықаралық аренада беделіміз бір өсіп қалары сөзсіз. Бастысы жасыл экономикаға бет бұруда атқарылып жатқан бұл істер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбавтың ЭКСПО кезінде айтқан Төртінші өндірістік революция кезеңіне Қазақстанның нақты мақсат пен міндеттер жүктеп, нық аяқ басқанын айшықтай алады.
Жалпы, Францияның бұрынғы президенті Олландтың ЭКСПО-ны сөз етуі кездейсоқтық емес. Өйткені Қазақстан Париж келісіміне қол қойған елдің бірі. Қазіргі таңда әлем жұртшылығын алаңдатып отырған басты мәселенің бірі – климаттың жылынуы. Сондықтан әлемнің 150 мемлекетінің басшысы Францияда бас қосып, Париж келісіміне қол қойды. Аталған келісімшартқа қол қойған мемлекеттер 2023 жылға дейін «жасыл экономиканы» дамытамыз деп өздеріне жауапкершілік алып отыр. Егер осы келісімшарт орындалатын болса, мемлекетке де, бизнеске де тиімді болады.