Қырғыз республикасының білім және ғылым министрі Гүлмира Құдайбердиева БАҚ-та жарияланған пәктікті тексеру жайындағы ақпараттарға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Министр мұндай мәлімдемелерге қарсы шығып, мәліметтің негізсіз екенін айтты.
“Бұл далбаса! Мәліметтің негізі жоқ. Мұндайдың болуы да мүмкін емес, адамның қарапайым құқықтары бар. Бұл Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарлы тексерісі шығар, мұндай болғанның өзінде қыздардың ғана емес, ұлдардың да жалпы денсаулығына жасалатын тексеріс болуы мүмкін”, – деді ол.
Еске салайық, мұның алдында БАҚ-тарда Қырғызстанның кейбір мектептерінің басшылығы жоғары сынып оқушыларына гинекологиялық зерттеу жүргізіп жатқаны жайлы хабар тараған. Тексерістің мақсаты жыныстық қатынаспен ерте бастан айналысқан қыздарды анықтап, олардың ата-анасымен бірлесе жұмыс істеу делінген болатын.
Айта кетсек, мұндай шара Өзбекстанда да болған деген ақпараттар тараған. Шенеуніктің айтуынша, оқушыларды гинекологиялық бақылауға жіберу туралы шешімді жергілікті билік Самарқанда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің сөйлеген сөзінен кейін қабылдаған. Мемлекет басшысы бұл сөзінде осы облыста әйелдер мен қыздар арасындағы суицид жағдайының көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірген.
Мирзиеевтің айтуынша, соңғы уақытта Самарқанда 145 әйел мен қыз суицидке барған.