Қырғызстан “Боинг” ұшағының “Манас” әуежайының маңындағы Дачи-СУ ауылына құлауынан өтемақы талап етіп, Түркияға хат жазды. Өтемақы – 195 миллион сом (2,8 миллион доллар). Бұл туралы бірінші вице-премьер-министр Мұхамметкалый Абулгазиев мәлімдеді.
«Апат болғаннан бастап түріктермен өтемақыны өтеу туралы келіссөздер жүргізіліп келді. Түріктер әуелден қажетті көмекті беруге дайын болды. Бұған қоса, олар ата-анасыз қалған екі балаға қамқорлық жасағылары келеді», – деді Абулгазиев.
Абулгазиевтың хабарлауынша, төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы есебіне 91 миллион сом жиналған.
Еске салайық, «Боинг-747-400» жүк ұшағы 16 қаңтарда шамамен сағат 7.20-да “Манас” әуежайына жақын маңдағы Дачи-СУ ауылына құлады. Ұшақ Гонконг – Стамбул бағытымен ұшып шыққан. Әуе апатынан 39 адам қаза тапты, ондаған адам зардап шекті.